— Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі 4 пайыз деп санайды екен. Олардың арасында астана, пайда, көрме, дәулет, дәрі, дәрмек, аула, ораза және тағы басқа сөздер бар. Бүгінде Иранның солтүстігіндегі Гүлстан провинциясының Горган, Бәндар, Түрімен және Күмбет қалаларында 5 мыңнан астам қазақ тұрады. Фирдоусидің «Шахнамасы» мен оның кейіпкерлері Тұран халықтарына да жақын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Фирдоуси, Хафез, Сағди сияқты парсы шайырларының шығармаларымен таныс болған, — деді Президент.
Мемлекет басшысы Иран делегациясы әкелген көне қолжазбалардың көшірмелері 18 ғасырдағы қазақ тарихы мен мәдениетіне арналғанын айтты.
— Ұсынылған 27 қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық ахуалы, көрші елдермен қарым-қатынасы, аймақтағы бәсекелестік, Түркістанның саяси-экономикалық жағдайы, Ресей патшалығының қазақ аймақтары мен хандықтарына қатысты әрекеттері туралы сараптамалар бар. Сондай-ақ қазақ даласында көмір, темір, мыс, қорғасын, бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Өте қызық деректер бар. Сізге көп рақмет, Президент мырза, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев Иран Президентіне қарата.
Бұған дейін Иран Қазақстан тарихына қатысты құнды қолжазбалар көшірмесін ала келгенін жазған едік.