Ираннан бүгінге дейін 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылды – ҚР СІМ
АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтару жұмыстарын жалғастырып жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, эвакуация басталғалы бері резидент және резидент емес әуе компанияларының қолдауымен 4700-ден астам қазақстандық елге оралды.
Әуе рейстерімен қатар, азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. 6 наурызда ҚР шетелдегі мекемелері «Заркух» компаниясының 7 қызметкері – ҚР азаматтарының Иран-Армения шекарасына шығуын ұйымдастырды. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, «Заркух» компаниясы қалған 16 қазақстандықты да осы бағыт бойынша эвакуациялауды жоспарлап отыр. Жалпы Ираннан бүгінге дейін 66 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.
-Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Таяу Шығыстан 12 әуе рейсімен 3300-ден астам қазақстандық елге оралғаны туралы жаздық.