Иранның Сыртқы істер министрі АҚШ-пен келіссөзге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Иран мен АҚШ қазіргі уақытта келіссөз жүргізіп жатқан жоқ, тек хабарламалар алмасып жатыр. Бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Al Jazeera арнасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Фото: ТАСС

Сұхбатта Аракчи Ирандағы кез келген тараппен келіссөз жүргізіліп жатыр деген мәлімдемелер жалған екенін атап өтіп, барлық хабарлама Сыртқы істер министрлігі арқылы берілетінін немесе қабылданатынын және күштік құрылымдар арасында байланыс бар екенін қосты.

- Мен Уиткофтан (АҚШ президентінің елшісі – ред.) бұрынғыдай тікелей хабарламалар алып отырмын және бұл біздің келіссөз жүргізіп жатқанымызды білдірмейді, - деді ол.

Осы арада министр АҚШ-пен тікелей немесе аймақтағы достары арқылы хабарламалар алмасқанын мойындады.

Ол сондай-ақ АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын ұсынысына қатысты пікір білдірді.

- Біз америкалық 15 ұсынысқа ешбір жауап жіберген жоқпыз, сондай-ақ ешқандай ұсыныс немесе шарт ұсынған жоқпыз, - деді Аббас Аракчи.

Еске салсақ, осыған дейін Дональд Трамп Иранға 15 тармақтан тұратын бейбіт жоспар ұсынғаны туралы ақпарат пайда болғанын жаздық.