Ішкі істер министрлігі сотталғандардың сақал қоюларына қарсы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі сотталғандардың сақал қоюына қарсы. Бұл туралы бүгін Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің кеңейтілген отырысы барысында мәлім болды. Онда Қылмыстық-атқару кодексінің жобасы талқыланған болатын. Еске сала кетейік, кодекс жобасы бұған дейін бірінші оқылымда Мәжілісте мақұлданған еді.

Тоқтала кететін жайт, сотталғандардың жүріс-тұрысына, тәртібіне қатысты ережені Ішкі істер министрлігі ұсынып отыр. Оның ішінде сақал қоюға қатысты мәселе бар екені де белгілі болды. Дегенмен, депутаттардың бәрі бірдей мұндай ұсынысты қолдамайды. «Кодекс жобасының үкіметтік нормасында сотталғандардың міндеттері мен оларға қатысты жасалған тыйымдар бар. Онда бәрі нақты жазылған. Біздің ойымызша, кодекс нормасында сотталғандардың сыртқы түрлеріне қатысты нақтылаулар болмауы керек, олар негізінен заңға тәуелді актілермен реттелсе де болады», - дейді депутат Светлана Бычкова.

Ал мұндай норманы енгізіп отырған Ішкі істер министрлігінің ұстанымы бойынша түрме - бұл жабық мекеме, ендеше онда тәртіп болуы тиіс, сондықтан да тәртіпке бағынбағандарға жаза қолданылады. «Сотталғандар үшін белгілі бір тәртіп пен соған лайықты шектеулер болуы керек. Түрме - азаматтық қоғам емес», - дейді ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Мейрам Аюбаев.