«Ішкі істер министрлігі халықтан заңсыз сақталған қау-жарақ сатып алу акциясын үнемі өткізеді. 2008 жылдан бастап осындай 11 шара жүргізілді. 11 жылда жалпы сомасы шамамен 1,8 млрд теңгеге 54 мыңнан астам атыс қаруы және 2 млн астам ойық қарудың патрондары ерікті түрде тапсырылған. Бұл шаралар криминогендік ахуалға оң септігін тигізді», - деді Асылбек Ыдырысов ҚР ІІМ ұйымдастырған онлайн-брифингте.
Тек соңғы 5 жылда қару-жарақпен жасалған қылмыс саны жартысына жуық азайған, 2016 жылы 389 қылмыс болса, 2021 жылы 192-ге дейін төмендеген.
Заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыруға ниет білдірген азаматтардың әрекетiнде өзге құқық бұзушылық құрамы болмаса, олар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады.
«Биыл осындай акция 25 сәуірде басталды. Оны өткізуге республикалық бюджеттен 88 млн теңге қаражат бөлінді. Осы бір аптада тұрғындар 500-ден астам атыс қаруын, 3,5 мыңнан астам ойық қаруының патрондарын ерікті түрде тапсырды, алдын ала есеп бойынша 33,5 млн теңге төленеді. Заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады. Табылған қаруды бөлшектеу, сындыру және тасымалдаудың қажеті жоқ. Бұл мақсатта бізде арнайы оқытылған қызметкерлер мен техникалар бар», - деді А. Ыдырысов.