Ішкі істер министрлігі жүйесінде қандай өзгерістер болып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бейнеформаты енгізіліп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Марат Ахметжанлв мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Фото: polisia.kz

Отырыстың негізгі тақырыбы – ішкі істер органдарындағы жүйеішілік өзгерістер. Атап айтқанда, кадрлық процестерді автоматтандыру және полиция қызметін цифрландыру нәтижелері, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қаралды. Тұрмыстағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бөлек талданды.

«Қылмыстың алдын алудың толыққанды жүйесін қалыптастыру қажет. Олардың орындалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау бойынша жұмыс жүргізу маңызды. Бұл – проблемаға бағытталған тәсіл. Алдын алу жұмыстары мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, жұртшылық пен халықтың ортақ жауапкершілігі негізінде құрылуы тиіс. Аталмыш қағидаттар Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен әріптестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының негізі болып табылады», – деп атап өтті Марат Ахметжанов.


ІІМ мәліметінше, жұмыстың негізгі бағыты – ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл. Биыл ұйымдасқан қылмыстық топтардың 11 көшбасшысы, 7 беделдісі, 66 мүшесі жауапқа тартылды. Бұдан бөлек, есірткі қылмысына қарсы іс-қимылдар, киберқылмыс пен «телефон терроризміне» қарсы күреске ерекше талқыланды.

Қазір министрлік қылмыстық істерді тергеудің жеделдігі мен сапасын арттыру, азаматтар құқығын қорғау үшін қылмыстық процесті оңтайландыру жұмыстарып жүргізіп жатыр. Мәселен, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бейнеформаты енгізілуде. Бұл – дәстүрлі әдістен алшақтау және «полиция хаттамасын» енгізуге қадам. Сондықтан жеке құрамды тергеу әрекеттерін жүргізудің жаңа ережелеріне үйрету тапсырылды.

Марат Ахметжанов қазір адамдармен жұмыс істеуге, қызметкерлерді дамытуға және ынталандыруға, олардың құқығын қорғауға, меритократия қағидатына және моральдық-психологиялық ахуалды арттыруға баса назар аударылатынын атап өтті.

Өткен жылдың шілде айынан бастап кезекті шендерді алу үшін арнайы ұсынымдар қажет емес. Мерзімі жеткенде бұйрық автоматты түрде шығарылады. Осы формат бойынша 13 мыңнан астам қызметкер шен алды. Қызметкерлердің демалыс кестесінің орындалуы ақпараттық жүйемен бақыланады.

Жеке құрамды марапаттау саясаты да өзгерді. Өткен жылы министрдің құқығымен 17 мыңнан астам қызметкер марапатталды, оның 77% атқарушы құрам.