Ішкі істер министрлігіне Ұлттық ұланның қызметін реттейтін бірқатар құзырет беріледі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет қаулысымен Ішкі істер минстрілігіне бірқатар қосымша құзырет беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ашық НҚА порталында жарияланған қаулыға сәйкес, енді аталған ведомствоға мына функциялар берілмек:

- ҚР Ұлттық ұланының әскери полиция органдарына қызметке алғашқы рет кіретін азаматтардың тағылымдамадан (сынақ мерзімінен) өту тәртібі мен шарттарын бекітеді;

- ҚР Ұлттық ұланы әскери полиция органдарының арнайы көлік құралдарының тізбесін бекітеді;

- ҚР Ұлттық ұланының механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекітеді;

- ҚР Ұлттық ұланының әскери полиция органдарында тіркелген механикалық көлік құралдарын және олардың тіркемелерін міндетті техникалық байқаудан өткізу қағидаларын бекітеді.

Құжатты ашық талқылау 7 сәуірге дейін жалғасады.

Қоса кетейік, бұған дейін Сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізбесін бекіту, ал Сыртқы істер министрлігіне инвестиция тарту тәртібін айқындау құзыреті берілетінін хабарлап едік.