Ішкі істер министрлігінің басшылығы жастар ұйымдары көшбасшыларымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР ІІМ барлық қызметтері басшыларының қатысуымен министрдің орынбасары полиция генерал-майоры Ерлан Тұрғымбаев 28 қарашада жастар ұйымдары көшбасшыларымен кездесу өткізді.

Жүздесудің мақсаты - мемлекеттік жастар саясатын жаңғыртудың негізгі бағыттарын түсіндіру, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысуды қамтамасыз ету, жастар арасындағы қылмысты болдырмау, жас ұрпақтың құқықтық ой-өрісі мен құқықтық мәдениеті деңгейін көтеру.

«Жастар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу бағытында ішкі істер органдары бірқатар іс-шаралар атқаруда және нәтижелер де бар. Әрине, біз осы проблеманың туындау фактілерімен ғана жұмыс істемейміз, біз оларға жол бермеуге тырысамыз»,- деді Е.Тұрғымбаев.

Қазір қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша полицияға көмек ретінде студенттік жасақтардың жұмысын жандандырудың маңызы бар. Оқу орындарында осындай 223 жасақ жұмыс істейді, оның құрамында 4 мыңға жуық студент бар. Тек ағымдағы жылдың өзінде олардың қатысуымен 152 қылмыс ашылды, 6 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Ішкі істер министрлігі ниет білдірген полицияның белсенді көмекшілерін ішкі істер органдарына қабылдауға ықыласты.

Кездесу қорытындысында министрдің орынбасары құқық қорғау органдары мен барлық жұртшылық алдында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу күрделі мәселе екендігін атап көрсетті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы қоғамды құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру туралы тапсырма бергенін баса айтты.

«Ең бастысы, жастарды профилактикалық жұмыстарға тарту, олардың барлық құқық бұзушылықтарға қарсы тұруын қалыптастыру. Әрине, оған өскелең жас ұрпақты олардың мектептен бастап барлық қалыптасу кезеңдерінде тәрбиелеу арқылы қол жеткізуге болады. Бұл жұмыс күш салуды қажет етеді және жастардың осы жұмысқа тікелей араласуы оң нәтиже береді»,- деп нақтылады ішкі істер министрінің орынбасары.

ІІМ-де болу кезінде жастар ұйымдары көшбасшылары құқықтық тәртіпті сақтауды және азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғауды қамтамасыз ету бойынша министрлікте енгізіліп жатқан жаңалықтармен танысты.

Олар ІІМ криминалистикалық зертханасында болып, қылмысты ашу және тергеудің жаңа нысандары мен әдістерін зерделеді. Сондай-ақ, жеке куәлік пен жүргізушілік куәліктің жаңа үлгілерін, бейне түсірілімдердің қазіргі құралдарымен жарақтандырылған қызметтік жол-патрульдік полиция автокөліктерік көрді, деп хабарлайды ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.