Құжат бойынша баяндаған Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, ішкі істер органдары қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы қоғам арасында кеңінен талқыланып, қызу пікірталастар тудырған болатын. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қыметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету мәселесін Мәжіліс депутаттары да көтерген еді. Осыған орай, аталмыш мәселелер жаңа редакциядағы заң жобасында арнайы 6-шы тараумен бекітіліп отыр. Үкімет депутаттардың бұл ұсынысына қолдау білдірген. «Жаңа заң жобасымен ішкі істер органдарының қызметкерлері бірқатар әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілетін болады. Атап айтқанда, ішкі істер органдарының жекелеген қызметтерінің криминалдық полиция, тергеу, анықтау, жедел-криминалистік қызметтер, ұйымдасқан қылмысқа, терроризмге және есірткі бизнесіне қарсы күрес бөлімшелерінің қызметкерлеріне тұрғын үй жалдауына нысаналы ақшалай өтемақы төлеу белгіленіп отыр. Сонымен қатар, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жұмыс бабымен орын ауыстырған кезде, қызметкер өзінің екі айлық жалақысы және өзімен бірге көшкен отбасының әрбір мүшесіне жарты айлық ақшалай жалақысы мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленетін болады. Әуе көлігінен басқа, көліктермен жүру, мүлікті тасымалдау шығындарын өтеу қарастырылған. Бұл біздің әріптестеріміздің атқарған жұмысының зор жемісі», - деді Н. Әбдіров.
14:00, 22 Қаңтар 2014
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің пәтерақылары өтелетін болады
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Ішкі істер органдары қызметкерлері бірқатар әлеуметтік кепілдіктерге ие болады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында жаңа редакциядағы «Ішкі істер органдары туралы» заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында мәлім болды.