«Ішкі істер органдары туралы» заң жобасы Сенаттың жалпы отырысында талқыланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда «Ішкі істер органдары туралы» заң жобасы талқыланды.

Заң жобасы Ішкі істер министрлігінің құзыреттерін орталық аппарат және жалпы ішкі істер органдары ретінде бөлу, олардың міндеттері мен құқықтарын айқындау, заңдылықты нығайтудың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету мен полицияны оған тән емес функциялардан арылту көзделеді.

Жаңа редакциядағы заң жобасы 9 бөлімнен тұрады. Оның мазмұнына келер болсақ, құжаттың басты бағыттарының бірі қоғамдық бақылауды азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаумен айналысатын ішкі істер органдарының қызметіне беру болып табылады. Осыған орай Ішкі істер министрлігінің жанынан да, өңірлік ішкі істер департаменттерінің жанынан да қоғамдық кеңестер құрылатын болады.

Заң жобасындағы жаңалықтың бірі - ішкі істер органдарының жұмысындағы арнаулы қағидаттарды қамтамасыз ету. Бұлар - адамның және азаматтың құқығын сақтау және сыйлау, ашықтық, жариялылық, азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және ішкі істер органдарының бірегей жүйесінде өзара іс-қимылда болу.

Сонымен қатар, құжатта ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтарды куәлік етуге мәжбүрлеуге, күш қолдануға және құқыққа қайшы әрекеттерге тікелей тыйым салатын норма қамтылып отыр. Талқылаудан соң сенаторлар заң жобасын палатаның қарауына шығару туралы шешім қабылдады.