Заң жобасы Ішкі істер министрлігінің құзыреттерін орталық аппарат және жалпы ішкі істер органдары ретінде бөлу, олардың міндеттері мен құқықтарын айқындау, заңдылықты нығайтудың құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету мен полицияны оған тән емес функциялардан арылту көзделеді. Жаңа редакциядағы заң жобасы 9 бөлімнен тұрады. Оның мазмұнына келер болсақ, құжаттың басты бағыттарының бірі қоғамдық бақылауды азаматтардың құқы мен бостандығын қорғаумен айналысатын ішкі істер органдарының қызметіне беру болып табылады. Осыған орай Ішкі істер министрлігінің жанынан да, өңірлік ішкі істер департаменттерінің жанынан да қоғамдық кеңестер құрылатын болады. Заң жобасының және бір парасы ішкі істер органдарының жұмысындағы арнаулы қағидаттарды қамтамасыз етеді. Бұлар - адамның және азаматтың құқығын сақтау және сыйлау, ашықтық, жариялылық, азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және ішкі істер органдарының бірегей жүйесінде өзара іс-қимылда болу. Сонымен қатар, құжатта ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтарды куәлік етуге мәжбүрлеуге, күш қолдануға және құқыққа қайшы әрекеттерге тікелей тыйым салатын норма қамтылып отыр. Бұдан бөлек, қоғамның кеңінен талқысына ұшыраған полицейлердің атыс қаруын қолдануға қатысты мәселесі де қарастырылып отыр. «Қоғамда қызу пікірталас тудырған ішкі істер органдары қызметкерінің ату қаруын ескертусіз қолдану құқығы қамтылған норма заң жобасынан алынып тасталды», - деді Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров.
11:17, 22 Қаңтар 2014
Ішкі істер органдарының қызметкерлері ату қаруын ескертусіз қолдану құқығынан айырылуы мүмкін
АСТАНА. 22 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өтіп жатқан палатаның жалпы отырысында жаңа редакциядағы «Ішкі істер органдары туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.