Ішкі істер саласының арулары мерекеге орай тапаншадан оқ атудан жарысқа түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне арналған дәстүрлі мерекелік іс-шара өтті. Осыған орай департаменттің мәжіліс залында басшылық пен жеке құрам жиналып, салтанатты жиынның қадірлі қонақтары - погондағы арулар мен ІІО ардагер-әйелдерді құттықтады, деп хабарлайды департаменттің баспасөз қызметі.

Мерекелік жиында сөз сөйлеген Көліктегі ІІД бастығы полиция полковнигі Аманжол Қабылов көлік полициясы құрылуына және оның бүгінгідей дамуына әйел полицейлердің қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Ол еліміздің қорғаны болар азаматтар мен шынайы патриоттарды тәрбиелеудегі аналарымыздың рөліне жоғары баға берді.
 

«Аса жауапты қызметті адал әрі кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқарып келе жатқандарыңыз үшін барлық ер-азаматтардың атынан шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер үнемі сұлулық пен мейірімділіктің, кейде біз қайран қалатын шыдамдылықтың символы болып қала бересіздер» - деді ол өз сөзінде.

«Әсіресе, ішкі істер органдарының ардагер әйелдері Сіздердің күш-жігерлеріңіз бен табандылықтарыңыз біздің бойымызда нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді қалыптастыруға, қолға алған ісімізді соңына дейін жеткізу жолындағы кедергілерді еңсеруге үйретті» - деді.
Еліміздің бас көлік полицейі нәзік жанды әріптестеріне мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасылық бақыт пен толағай табыстар тіледі.
 

Шара шеңберінде көлік полициясында жемісті қызмет атқарған барлық ардагер-аналарға естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Сонымен қатар, департамент пен оның желілік бөліністерінде абыройлы қызметімен ерекшеленген қыз-келіншектерге құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды.

Айтулы шара барысында Көліктегі ІІД-нің тирінде әйелдер арасында табельдік қарудан оқ ату бойынша өткізілген жарыста «Ең үздік мерген» атанған қызметкерлер де департамент басшысының марапаттарына ие болды. Олардың арасында полиция майоры Динара Сарбасова, полиция майоры Жадыра Толегенова және полиция капитаны Аида Даетова бар.

Салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.