Исламдық қаржыландыру несімен ерекше – сарапшы жауабы

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Исламдық қаржы жүйесі дәстүрлі қаржыландырудан несімен ерекшеленеді? Бұл сауалды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығының төрағасы, Астана халықаралық қаржы орталығының исламдық қаржы бағыты бойынша жетекшісі Мәдина Тукуловаға қойған едік.

- Біріншіден – мұнда өсім пайызы болмайды, яғни ақшадан ақша жасауға рұқсат етілмейді. Исламдық қаржы адалдыққа, этикаға және ашықтыққа негізделген. Сонымен қатар, банк пен клиент арасындағы қарым-қатынас серіктестікке негізделген. Банк пен клиент бір-бірімен серіктес ретінде жұмыс істейді. Жақында семинарда болдым, сонда түрік ислам банктерінің өкілі өте қызықты жайтпен бөлісті, дәстүрлі банк үшін жақсы клиент деген кім? Бұл – қарызын уақытында төлейтін клиент, бірақ үнемі клиент емес, неліктен? Себебі төлем кешіктірілген жағдайда өсім мен айыппұл жиналады, ал ол дәстүрлі банктер үшін ол табыс көзі, - деп түсіндірді Мәдина Тукулова.

Маманның мәлімдеуінше, ислам банктерінде айыппұл мен өсім алуға тыйым салынған.

- Алайда, клиентті тәртіпке салу қажеттілігіне байланысты шариғат ғалымдары белгілі бір жағдайда айыппұл салуға рұқсат берген. Бірақ, бұл айыппұлдың сомасы қайырымдылыққа бағытталады. Ол қаражат банктің атынан емес, клиенттердің атынан қайырымдылыққа беріледі. Банк бұл ақшаны «мен қайырымдылық жасадым» деп жариялай алмайды, - дейді ол.

Бүгін Астанада алғаш исламдық қаржыландыру және бизнес форумы өтіп жатыр. Форумды Исламдық қаржы және бизнес қауымдастығы TIDAM агенттігімен бірлесіп, Астана халықаралық қаржы орталығының қолдауымен ұйымдастырып отыр. Оған 200-ден астам адам қатысты.