Испания темекі шегуге қатысты талаптарды күшейтпек

АСТАНА. KAZINFORM — Испания үкіметі темекі шегуге тыйым салынатын қоғамдық орындардың тізімін айтарлықтай кеңейтетін заң жобасын мақұлдады. Тыйым кәдімгі шылыммен бірге электронды темекіге де салынады, деп хабарлайды BILD.

Фото: Pixabay

Жаңа шектеулер мейрамханалар мен қонақүйлердің ашық террасаларына, автобус аялдамаларына, теміржол платформаларына, университет аумақтарына, спорт нысандары мен бассейндерге, сондай-ақ жағажайларға қолданылмақ.

Денсаулық сақтау министрі Моника Гарсия бұл бастаманың мақсаты халықтың денсаулығын қорғау екенін айтты.

— Мақсатымыз — ортақ пайдаланылатын кеңістіктерде таза ауа қалыпты жағдайға айналуы тиіс. Жүкті әйелдер мен демікпесі бар адамдар мейрамхана террасаларында өзге келушілердің темекі түтінімен демалмауы керек, — деді министр.

Заң жобасында кәмелетке толмағандардың темекі өнімдерін пайдалануын одан әрі шектеу және темекі мен электронды темекінің жарнамасына толық тыйым салу да қарастырылған.

Алайда заң әлі күшіне енген жоқ. Ол алдымен парламенттің мақұлдауынан өтуі қажет. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастамаға ең үлкен қарсылық қоғамдық тамақтану саласынан болуы мүмкін. Өйткені жаз айларында ашық алаңқайларда қызмет көрсететін орындар Испания экономикасында маңызды рөл атқарады және жаңа шектеулер олардың жұмысына кері әсер етуі ықтимал.

Испания Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елдегі ересек тұрғындардың шамамен 26%-ы күн сайын темекі шегеді. Темекі тұтынудың салдарынан жыл сайын 50 мыңға жуық адам көз жұмады.

Жалпы Испанияда бар, мейрамхана, кафе, түнгі клуб пен казино сияқты жабық қоғамдық орындарда темекі шегуге 2011 жылдан бері тыйым салынған.

Бұған дейін Әзербайжанда электронды темекіге тыйым салынып, айыппұл енгізілетіні туралы жазған болатынбыз.