Әзербайжанда электронды темекіге тыйым салынып, айыппұл енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанда электронды темекіні пайдалану, импорттау, экспорттау, өндіру, көтерме және бөлшек саудада сату, сондай-ақ өткізу мақсатында сақтау үшін айыппұл белгіленеді, деп хабарлайды Kazinform-нің Әзербайжандағы меншікті тілшісі. 

Әзербайжанда электронды темекіге тыйым салынып, айыппұл енгізіледі
Фото: Sky News

Тиісті түзету Милли Меджлистің құқықтық саясат және мемлекеттік құрылыс комитетінің отырысында талқыланды.

Заң жобасына сәйкес, электронды темекіні және олардың құрамдас бөліктерін импорттау, экспорттау, өндіру, сату және өткізу мақсатында сақтау кезінде өнім тәркіленіп, айыппұл салынады.

Айыппұл мөлшері:

жеке тұлғалар үшін — 350-ден 500 манатқа дейін (шамамен 200–300 доллар);
лауазымды тұлғалар үшін — 1 650-ден 2 200 манатқа дейін (шамамен 970–1 300 доллар);
заңды тұлғалар үшін — 4 000-нан 5 000 манатқа дейін (шамамен 2 300–2 900 доллар).

Сонымен қатар, тыйым салынған орындарда, көшелерде және басқа да қоғамдық кеңістіктерде электронды темекі қолданғаны үшін 30 манат (шамамен 18 доллар) көлемінде айыппұл қарастырылған.

Электронды темекілерді импорттауға, экспорттауға, өндіруге, сақтауға, сатуға және пайдалануға толық тыйым 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енеді деп күтілуде.

Бұған дейін елде жеке тұлғалар үшін шетелден автокөлік әкелуге шектеу енгізу ұсынылған болатын. 

Айта кетелік Қазақстан Әзербайжанға туристер ағыны бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр

Соңғы жаңалықтар
Референдум