Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кемеде үш жолаушы көз жұмған хантавирус сирек жағдайда адамнан адамға жұғуы мүмкін екенін мәлімдеді. Қайтыс болғандардың екеуінде вирус зертханалық түрде расталған. Бұған дейін круиз жағдайында хантавирус қалай таралғаны белгісіз болған.
Ұйым мұндай жұғу механизмі өте сирек кездесетінін атап өтіп, шамамен 150 жолаушысы бар кеме үшін қауіп деңгейі төмен екенін хабарлады. Хантавирус әдетте адамға кеміргіштердің нәжісі, сілекейі немесе зәрі арқылы жұғады және ауыр респираторлық аурулар тудыруы мүмкін. Адамнан адамға берілуі өте сирек жағдай саналады.
MV Hondius кемесінде хантавирус жұқтырған екі жағдай үш адамның – Нидерландыдан келген ерлі-зайыпты мен Германия азаматының қайтыс болуынан кейін расталды. Тағы бір адам ауыр жағдайда.
Қазіргі уақытта вирус тек қайтыс болған Нидерланд азаматы мен 69 жастағы Ұлыбритания азаматында расталған. Соңғысы Оңтүстік Африка Республикасындағы жансақтау бөліміне жеткізілген.
Қалған екі жолаушының өлім себептері анықталып жатыр.
Сондай-ақ ауруы расталмаған, бірақ күдік бар екі экипаж мүшесі – Ұлыбритания және Нидерланд азаматтары, сондай-ақ қайтыс болған Германия азаматының байланыста болған бір адам кемеден эвакуациялануға тиіс. Қазіргі уақытта кеме Африканың батыс жағалауында тұр.
Сейсенбі кешінде Испанияның Денсаулық сақтау министрлігі лайнердің Кабо-Вердеден Канар аралдарына бағыт алатынын растады.
Ведомство мәліметінше, нақты қай портқа тоқтайтыны әзірге белгісіз. Кеме келген соң жолаушылар мен экипаж толық медициналық тексеруден өтіп, қажетті көмек алады және кейін өз елдеріне жіберіледі.
Айта кетейік, бұған дейін Кабо-Верде мемлекеті MV Hondius лайнерінен науқастарды эвакуациялауды қолға алғанын хабарладық.