Ыстанбұл әлем бойынша көлік кептелісінен тағы да көш бастап тұр

Фото: yenisafak.com

АСТАНА.KAZINFORM — Түркия мегаполисі Ыстанбұл көлік кептелісінің күрделілігіне байланысты тағы да назарға ілікті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Inrix аналитикалық компаниясының жаңа зерттеуіне сәйкес, қала Нью-Йорк, Чикаго, Мехико және Лондон сияқты мегаполистерді басып озып, әлемдік көлік кептелісі рейтингінде бірінші орынға шықты. 

Есепке сәйкес, әрбір Ыстанбұл тұрғыны жыл сайын шамамен 105 сағатын көлік кептелісінде жоғалтады. 20 миллионнан астам халқы бар қала үшін көлік кептелісі өзекті мәселе болып қала береді. Сарапшылар жағдайдың тек кейінгі бір жылда 15%-ға нашарлағанын, бұл әлемдік қалалар арасындағы ең маңызды өсімнің бірі екенін атап өтті. 

Зерттеу 37 елдің 900 қаласын қамтыды, бұл рейтинг ауқымын кеңейтті. Бұған дейін, 2024 жылы америкалық Чикаго қаласы бірінші орынды иеленген, бірақ биыл түрік мегаполисі сөзсіз көшбасшы болды. 

Сарапшылардың пікірінше, Ыстанбұлдағы көлік кептелісінің жоғары деңгейі урбанизация қарқынына, жол инфрақұрылымының шектеулілігіне және қаланың Босфор бұғазымен екі құрлыққа — Азия мен Еуропаға бөлінген ерекше географиялық орналасуына байланысты. 

Билік тиімді шешімдер іздеп жатқанда, мегаполис тұрғындары мен қонақтары көлік кептелісімен күнделікті бетпе-бет келеді, бұл адамдар өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. 

Біз бұған дейін Үндістанда ғибадатхана маңындағы кептелістен 9 адам көз жұмғанын хабарлаған едік.