Ыстанбұлда арыстан жүргені анықталып, іздеу жұмыстары қолға алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Ыстанбұлдың Сарыер ауданында ұрғашы арыстанның көрінгені туралы хабардан кейін іздестіру операциясы басталды. Жергілікті билік тұрғындарға сақ болуды ескертіп, қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды Anadolu агенттігі.

Фото: Anadolu

Ускумрукей ауданының тұрғыны арыстанды байқағаны жайлы шұғыл қызметке хабар берген. Осыдан кейін оны іздеуге жандармерия, Түркияның Табиғатты қорғау және ұлттық парктер бас басқармасы мен Сарыер муниципалитетінің қызметкерлері кірісті.

Мамандар бейнебақылау камераларына түсіп қалған, ұрғашы арыстанға ұқсайтын жануардың жазбаларын зерделеді. Оны іздеу үшін аумаққа тепловизиялық камералар мен дрондар жіберілді. Сонымен қатар жандармерия қауіпсіздік шараларын күшейтіп, тұрғындарға сақ болуды ескертті.

Түркияның Табиғатты қорғау және ұлттық парктер бас басқармасының мәліметінше, алғашқы іздестіру шаралары нәтиже бермеген. Алайда орман алқабын қайта тексеру кезінде жануардың жүрген жері анықталды.

Ыстанбұл билігінің хабарлауынша, қаншыр жүрген аумақ толық бақылауға алынған. Қауіпсіздік шараларына байланысты бұл жерге кіру мен шығу тәртібі шектелген. Бұған қоса іздестіру шараларын Табиғатты қорғау және ұлттық парктер бас басқармасы жандармерия, полиция және муниципалдық қызметтермен бірлесіп үйлестіріп отыр.

Сонымен қатар жануардың қайдан келгенін және қай жерден қашып шыққанын анықтау үшін бейнебақылау камераларының жазбалары тексеріледі. CNN Türk телеарнасының хабарлауынша, Түркияда арыстанды үй жануары ретінде ұстауға заңмен тыйым салынған. Әзірге жануардың иесі бар-жоғы анықталған жоқ.

Бұған дейін Риддерде аю қонжығымен бірге жер үйдің ауласына кіріп кеткені хабарланған болатын.