Ыстанбұлда Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығы аталып өтті

ЫСТАНБҰЛ. KAZINFORM — Ыстанбұлда Түркі академиясы Мармара университетімен бірлесіп, 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығына арналған ғылыми-мәдени іс-шара өткізді.

Фото: Түркі академиясы

Іс-шарада Түркі академиясының ғылыми басылымдары, сондай-ақ Бірінші Түркология құрылтайының тарихы мен мұрасын көрсеткен фотосуреттер мен материалдар көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде ұсынылған жарияланымдар қатарында алты түркі тілінде жарық көрген және тарихи жиынға қатысқан 131 делегат туралы мәліметтер қамтылған «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының альбомы» бар.

Сонымен бірге, түрік және орыс тілдерінде жарияланған, бірегей архив материалдарына негізделіп, құрылтайдың тарихи контексі мен маңызын ашқан «1926 жылғы Баку түркология құрылтайының архивтік құжаттары» кітабы да ұсынылды.

Фото: Түркі академиясы

Өз сөзінде Түркі Академиясының президенті Ш. Мұстафаев алғашқы құрылтай XX ғасыр басында түркі әлемі зиялыларының басын қосқан тарихи жиын болғанын, онда айтылған идеялар XXI ғасырда да өзектілігін жоғалтпағанын атап өтті.

Фото: Түркі академиясы

— Бүгінде академия 50-ден астам ғылыми жоба бойынша жұмыс істеп келеді. Олардың басым бөлігі 1926 жылы Бакуде өткен түркология құрылтайында талқыланған мәселелермен тікелей байланысты. Атап айтсақ, түркі тілдерінің терминологиялық сөздіктері, Түркі мифологиясының энциклопедиялық сөздігі, көне түркі жазба ескерткіштерінің каталогы, «Түркі әлемінің киелі географиясы: археологиялық және архитектуралық ескерткіштер» жобасы және басқа да іргелі еңбектер бар. Сондай-ақ «Түркі мемлекеттерінің тарихы» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда, — деді академия басшысы.

Бакуде бір ғасыр бұрын талқыланған түркітану ғылымын дамыту, түркі халықтарын ғылым мен білім арқылы жақындастыру, ортақ ғылыми терминология мен ортақ әліпби қалыптастыру мәселелері бүгін де ғылыми қауымдастықтың күн тәртібінде тұр.

Фото: Түркі академиясы

Осы орайда 2023 жылы Түркі академиясының үйлестіруімен Түркі мемлекеттерінің тіл саясатына жауапты ресми мекеме өкілдері мен ғалымдарын біріктірген Ортақ түркі әліпбиі комиссиясы құрылған және нәтижесінде 2024 жылы Ортақ түркі әліпбиі қабылданған.

Фото: Түркі академиясы

Бұған дейін түркітанушы ғалымдар Алматы қаласында бас қосқан еді.

Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитін жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан азаматтар марапатталды.