Ыстанбұлдағы Беджек отбасының өлімі химикаттардың әсерінен болуы мүмкін

Фото: Anadolu ajansі

АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұлдың Фатих ауданында қаза тапқан Беджек отбасының өліміне қатысты тергеу жаңа деректермен толықты. Алдын ала сот-медициналық сараптама отбасының тамақтан уланғаны туралы бастапқы болжамды жоққа шығарды.

Сараптама қорытындысына сәйкес, Чигдем Беджек пен оның балалары – Кадир Мухаммет және Масал, сондай-ақ кейін ауруханада көз жұмған әкесі Сервет Беджектің өлімі қонақүйде химиялық заттың әсерінен болуы ықтимал.

Бұған дейін отбасы Бешікташ ауданындағы мейрамханада кешкі ас ішкен соң жағдайы нашарлаған деген нұсқа қарастырылған еді. Алайда токсикологиялық зерттеулер тағамдық улануға тән белгілерді анықтамады.

Қазір тергеу органдары қонақүйдегі қауіпті заттарды заңсыз сақтау немесе пайдалану және улы химикатты қасақана қолдану сияқты нұсқаларды тексеріп жатыр. Қайғылы оқиға болған қонақүй уақытша жабылып, ғимараттағы бөлмелер мен желдету жүйелеріне қосымша сараптамалар жүргізілуде.

Оқиға Түркиядағы қонақүйлердің қауіпсіздігіне қатысты қоғам арасында кең талқылау туғызып, туристік аймақтардағы қауіпсіздік стандарттарын қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр.

Түрік билігі тергеудің толық ашық жүргізілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Ыстанбұл соты Фатих ауданында Германиядан келген туристердің өліміне байланысты іс бойынша ұсталған 11 адамның төртеуін қамауға алу туралы шешім қабылдаған еді.