Ыстанбұлдағы Израиль консулдығы маңындағы атыс ісі бойынша 11 адам ұсталды

Фото: Anadolu ajansı

АСТАНА. KAZINFORM -Ыстанбұлда Израиль консулдығы ғимараты жанында полиция қызметкерлеріне жасалған шабуылды тергеу жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Қазинформ» агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Құқық қорғау органдары полиция бекетіне жасалған террористік шабуыл ісі бойынша күдіктілер қатарын кеңейтті. Бұл туралы Hürriyet хабарлады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ұсталғандар саны 11 адамға жетті.

Оқиғадан кейін бірден полиция шабуыл болған жақын дерден үш адамды ұстаған. Тергеу барысында және ұсталғандардың жауаптарына сүйене отырып, тағы бес күдікті анықталып, қамауға алынды. Сонымен қатар, екі адам Измит пен Конья қалаларында жүргізілген операциялар кезінде ұсталды.

Тергеу деректеріне қарағанда, шабуыл жасағандар қылмыс алдында нысанды алдын ала бақылап, барлау жүргізген.

Іс аясында күдіктілердің бірінің жұбайы да жауап берген.

Оның айтуынша, ол күйеуін қарулы шабуыл жасаудан бас тартуға көндіруге тырысқан.

Бұған дейін Ыстанбұлдың іскерлік ауданында Израиль бас консулдығы маңында полиция мен үш қарулы адам арасында атыс болғаны хабарланған еді.