Италия Ішкі істер министрлігі адамдардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ететін Шенген келісімінің Испанияға қатысты қолданылуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдап, екі ел арасындағы теңіз және әуе қатынасына шектеу енгізді.
Бұл шешім бейсенбі күні кешке Испанияның Сеута анклавына мыңдаған заңсыз мигранттың келуінен кейін Премьер-министр Джорджа Мелони, вице-премьерлер Антонио Таяни мен Маттео Сальвини мәлімдеген ұстанымның жалғасы болды.
Шешім жұма күні таңертең Ішкі істер министрі Маттео Пьянтедозидің төрағалығымен өткен кеңесте Көші-қон және шекара қауіпсіздігін талдау комитетінің баяндамалары негізінде қабылданды.
Сонымен қатар Франциямен шектесетін құрлықтағы Италия шекарасында бақылауды күшейту туралы шешім қабылданды.
Өз кезегінде Франция президенті Эммануэль Макрон Испаниямен арадағы құрлық шекарасындағы бақылауды күшейтетінін мәлімдеп, Солтүстік Африка жағалауындағы Сеута анклавындағы төтенше жағдайды реттеуде Испания билігіне қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, Испанияның Сеута анклавына заңсыз өткен шамамен 50 мың мигранттың жартысынан көбі Мароккоға қайтарылды.
Соған қарамастан, заңсыз мигранттардың шағын топтары Фнидек жағалауындағы толқын бөгетін айналып өту немесе теңіз арқылы жүзіп өту арқылы Сеутаға жетуді жалғастырып жатыр. Ақпаратқа сәйкес, олар Марокконың қауіпсіздік күштері тарапынан айтарлықтай қарсылыққа тап болмай отыр.