Италия мен Испания шекаралық тексерулерді тоқтатуға келісті

АСТАНА. KAZINFORM — Италия мен Испания Сеута испан анклавындағы көші-қон дағдарысына байланысты енгізілген өзара шекаралық тексерулерді тоқтатуға келісті. Мұндай шешім екі ел арасындағы екі айға созылған дипломатиялық шиеленістен кейін қабылданды, деп хабарлайды Euronews .

Коллаж: Kazinform

Келісім Италияның ішкі істер министрі Маттео Пьянтедози мен Испанияның ішкі істер министрі Фернандо Гранде-Марласканың телефон арқылы сөйлесуінің нәтижесінде жасалды. Бұған дейін Еуропалық кеңес аясында Италия премьер-министрі Джорджа Мелони мен Испания үкіметінің басшысы Педро Санчес кездескен болатын.

Италияның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жағдайды талқылағаннан кейін тараптар қолданыстағы шектеулердің мерзімін ұзартпау туралы шешім қабылдаған. Шекаралық тексерулердің орнына елдер Шенген аймағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ақпарат алмасуды күшейтпек.

Бұған дейін Италия Испаниядан теңіз порттары мен әуежайлар арқылы келетін жолаушыларды тексеру шараларын 7 күнге ұзартқан еді. Испания да жауап ретінде енгізген шектеулерін сақтап, олардың мерзімі 22 қазанда аяқталуға тиіс болған.

Екі ел арасындағы келіспеушілікке 2026 жылғы шілдеде болған көші-қон дағдарысы себеп болды. Сол кезде мыңдаған адам Мароккодан Испанияның Сеута анклавына шекараны заңсыз кесіп өткен. Осы оқиғадан кейін Рим Испаниядан келетін жолаушыларға қатысты шекаралық бақылауды уақытша қалпына келтіретінін мәлімдеді.

1 тамыздан бастап Италия билігі әуежайлар мен теңіз порттарында іріктеп тексеру жүргізе бастады. Билік бұл шешімді ұлттық қауіпсіздікті күшейту және ықтимал террористік қауіптердің алдын алу қажеттігімен түсіндірді.

Мадрид бұл шараларды қатаң сынға алды. Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Италияның шешімін ақылға қонымсыз әрі масқара деп атады. Кейін Испания да Италиядан келетін жолаушыларға жауап ретінде тексерулер енгізді.

Қол жеткізілген келісім екі ел арасында Шенген аймағы шеңберінде еркін жүріп-тұру тәртібін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, қыркүйекте Италия және Испания шекаралық бақылауды 15 күнге ұзартқан болатын.