Италия және Испания шекаралық бақылауды тағы 15 күнге ұзартты

АСТАНА. KAZINFORM — Италия және Испания екі ел арасындағы уақытша шекаралық бақылау режимін тағы 15 күнге ұзартты, деп хабарлайды Kazinform Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Италия мен Испания шекаралық бақылауды тағы 15 күнге ұзартты
Коллаж: Kazinform

Екі елдің Ішкі істер министрліктерінің хабарлауынша, мұндай шешім қауіпсіздікке төнетін қатердің әлі де сақталуына байланысты қабылданған.

Италия Ішкі істер министрлігі елдің ішкі қауіпсіздігіне төнетін елеулі қатерлердің әлі де сақталып отырғанын, сондай-ақ террористердің ел аумағына кіріп кету қаупі бар екенін мәлімдеді.

Ал Испания Ішкі істер министрлігі шектеу енгізуге себеп болған жағдайлардың әлі де сақталып отырғанын мәлімдеді. Осыған байланысты Испания Италиямен шекарадағы бақылауды 8 қазанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдаған.

Еске салайық, Италия 31 шілдеде Испанияға қатысты Шенген аймағындағы еркін жүру тәртібін алғаш рет уақытша тоқтатқан еді.

Италия Ішкі істер министрлігі адамдардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз ететін Шенген келісімінің Испанияға қатысты қолданылуын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдап, екі ел арасындағы теңіз және әуе қатынасына шектеу енгізді.

Бұл шешім Испанияның Сеута анклавына мыңдаған заңсыз мигранттың өтуінен кейін Премьер-министр Джорджа Мелони, вице-премьерлер Антонио Таяни мен Маттео Сальвини мәлімдеген ұстанымның жалғасы болды.