Италиядағы ереуілдерге 2 млн-нан астам адам қатысты

Фото: ANSA

АСТАНА. KAZINFORM — Джорджa Мелони үкіметіне Газа секторындағы соғысқа байланысты Израильге қарсы қатаң позицияны ұстанғаны үшін қысым күшеюі аясында жұма күні Италияның бірқатар аймағында ірі жалпыұлттық наразылық шаралары өтті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Politico басылымының мәліметінше,  кәсіподақ қайраткерлері, студенттер, белсенді топтар мен отбасылар Палестина туы мен Израильді «басқыншылықты тоқтатуға» шақырған плакаттар көтеріп, елдің түкпір-түкпіріндегі қалалардағы тасжолдар мен көлік тораптарын жауып тастады. 

Италияның ең ірі кәсіподақ ұйымы CGIL мәліметінше, шерулерге 2 млн-нан астам адам қатысқан.

Бейсенбі күні Израиль Газаға гуманитарлық көмек жеткізгісі келген 41 кемеден тұратын «Жаһандық Сумуд» флотилиясын (Global Sumud Flotilla) ұстап, 20 итальяндық белсендіні ұстағаннан кейін кәсіподақтар жалпы ереуілге шақырды. 

Шерушілер Италия үкіметі флотилия экипаждарын қорғау үшін жеткілікті шараларды қолдана алмады деп мәлімдеді.

Олар үкіметті Израильмен әскери байланыстарды үзуге, Палестина мемлекетін мойындауға және әскери шығындарды азайтуға үндеп отыр. 

Рим Палестина мемлекетін кепілге алынғандар босатылмайынша және Газа секторындағы ХАМАС содырлары биліктен жойылмайынша, мойындамайтынын мәлімдеді.

Жұма күні наразылық білдірушілер Пескара, Тренто, Болонья, Милан және Турин қалаларындағы ірі тасжолдардағы көлік қозғалысын жауып тастады, сонымен қатар Флоренция, Генуя, Перуджа және Кальяриде теміржолға шығып, пойыз қозғалысын бұғаттады. Турин мен Неапольде полиция шерушілермен қақтығысты.

Көлік, медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ереуілге шықты, бұл пойыздардың тоқтауына және мектептердің жабылуына әкелді, ал студенттер университеттерді басып алды. Ливорнода докерлер порт қақпаларын жауып, бұл тоқтап тұрған жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін тудырды.

Көлік министрі Маттео Сальвинидің мәлімдеуінше, бұл ереуіл заңсыз және ереуілшілер жеке де, кәсіподақ мүшелері ретінде де санкцияларға тап болатынын ескертті.
Дж.Мелони бейсенбі күні бұл үзіліс палестиналықтарға пайда әкелмейтінін және тек итальяндықтар үшін қиындықтар тудыратынын мәлімдеп, ереуілшілерді «демалыс күндерін ұзақ өткізгісі келетіні» үшін айыптады.

Римде шерушілер процессиясы полиция тосқауыл қойған Термини вокзалынан басталды. 

— Бұл үкімет Газада болып жатқан оқиғаларды айыптамайды, Ол геноцидті қолдау үшін қару-жарақпен қамтамасыз етеді, ал денсаулық сақтау, білім беру немесе жалақы үшін ақша қалмай отыр, — деді POLITICO-ға Виченцадан келген 24 жастағы наразылық білдіруші Клара.

CGIL кәсіподақ жетекшісі Маурицио Ландини наразылық білдірушілер «әлемге ынтымақтастық пен бауырластық ниеттестігін білдіріп жатқанын» айтып, «байыпты үкіметтің халықты тыңдай алатын кішіпейілділігі болуы керек» деп қосты.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде Газа секторындағы бітімгершілік жоспарына қатысты бейнеүндеуімен бөліскенін жазған едік