АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан халықаралық турнирде Қазақстан құрамасының сапынан кімдер сайысқа түсетіні белгілі болды.
Ел құрамасынан шаршы алаңға ерлер арасында 57 келіде Махмуд Сабырхан эфиопиялық Ядеса Летамен қолғап түйістіреді.
Сондай-ақ Нұрбек Оралбай (80 келі) мен Гаитиден келген Седрик Белони-Дюльепре шаршы алаңға шығады.
Айта кетсек, 3 наурызда Сәкен Бибосынов 51 келіде гонконгтық Каннет Чун Хим Танды жеңіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Сондай-ақ 60 келіде Римма Волосенко гайаналық Хаднас-Сах Тианнадан басым түсті. Лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Былғары қолғап шеберлері ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдамаға таласады.
Турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.
Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Азия ойындарында Карина Ибрагимова (57 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) Париж Олимпиадасына жолдама алып үлгерді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.