Бокстан Италиядағы турнир: Сәкен Бибосынов жарысты жалғастырады

Сәкен Бибосынов
Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 3 наурызда, бокстан Италияның Бусто-Арсицио қаласында жалауын көтерген халықаралық турнирде қазақстандық Сәкен Бибосынов жарыстың келесі сатысына шықты.

Қазақстандық боксшы 51 келіде гонконгтық Каннет Чун Хим Танмен қолғап түйістірді.

Үшінші раундта Сәкен қарсыласын техникалық нокаутпен тізе бүктірді. Оған дейін ол гонконгтық спортшыны үш мәрте нокдаунға жіберіп үлгерген еді.

Лицензиялық турнирде 2024 жылғы Париж Олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Былғары қолғап шеберлері ерлер арасында 28, әйелдер арасында 21 жолдамаға таласады.

Енді Сәкен Олимпиада жолдамасына ие болу үшін кем дегенде жартылай финалға дейін жетуі тиіс.

Ол 2020 жылы Токио Олимпиадасы мен 2021 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған еді.

Турнир 3-12 наурыз аралығында өтеді.

Айта кетсек, қазірге дейін ел құрамасынан Азия ойындарында Карина Ибрагимова (57 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) Париж Олимпиадасына жолдама алып үлгерді.

 

Соңғы жаңалықтар