Италияның Искья аралында зілзаладан 2 жарым мыңнан астам адам баспанасыз қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Италияның Искья аралындағы зілзала кесірінен 2 жарым мыңнан астам адам баспанасыз қалды. Бұл туралы Ұлттық азаматтық қорғаныс қызметінің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Хабар24 kz.

Оның айтуынша, үйі қираған тұрғындардың барлығы аймақтағы қонақүйлерге жайғасады. Олар үшін арнайы палаткалы лагерьлер салынбайды.

Соңғы мәліметтерге қарағанда, құтқару жұмыстары кезінде қиранды астында қалған ағайынды 3 бүлдіршін аман-есен табылды. Оларды іздеу 14 сағатқа созылған. Сонымен қатар зілзаладан кейін аралдағы саяхатшылар жаппай еліне қайтып жатыр.

Еске сала кетейік, Искья аралындағы жер сілкінісі жергілікті уақытпен дүйсенбі күні кешке тіркелді. Италияның геофизика және жанартау ұлттық институтының деректері бойынша зілзала қуаты 3,6 балды құраған.