Итбалықтардың қырылуы: алғашқы сараптаманың қорытындысы жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Каспий жағалауынан 300-ге жуық итбалық өлексесі табылған жерде судың құрамы тексерілгенін хабарлады.
«Түпқараған ауданы аумағының теңізі жағалауынан 289 итбалық өлексесі табылды. Жергілікті атқарушы органның көмегімен жинастырғаннан кейін, полигонға тасымалданды. «Гидробиология және экология институты» мекемесімен бірлесе сол жерден табылған итбалықтар бойынша токсикологиялық және гистологиялық бағытта зерттеулер жасалады. Бұл ретте 112 итбалықтан сынамалар алынды», - делінген Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Ведомство ақпаратына қарағанда, Маңғыстау облысы бойынша экология департаментінің мамандары итбалық өлекселері табылған Каспий теңізінің жағалауынан су сынамаларын алды. Оның қортындысы бойынша нормадан тыс ауытқулар анықталмады.
Бұған дейін 24-29 қазан аралығында Каспий теңізінің жағалауында жүргізілген мониторинг кезінде 289 итбалықтың өлексесі табылғанын жазған едік.
Жақында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Каспий итбалықтарының қырлуы жағдайына қатысты пікір білдірді.
«Біз өз жағымыздан сол итбалықтардың табылған жерінен жағалаудағы су сынамаларын алдық. Жақын арада нәтижесі шығады. Сосын білеміз, себебі неде екенін. Әзірге бәрі лабораториялық зерттеуде», - деді министр.
Айта кетейік, Маңғыстау облыстық Балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Андрей Руцкийдің мәлімдеуінше, 5 қараша күні тағы 121 өлексе анықталды.