Каспий итбалықтарының қырылуына Қашаған кенішіндегі жобаның қатысы бар ма – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мәжіліс кулуарында Каспий итбалықтарының қырлуы туралы пікір білдірді.

итбалық
Фото: Азамат Сәрсенбаев

«Иә, 298-дей бас итбалықтың өлігі табылды. Қазіргі кезде денесінен керекті материалдың бәрін алып, бүгін сол зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Біз өз жағымыздан сол итбалықтардың табылған жерінен жағалаудағы су сынамаларын алдық. Жақын арада нәтижесі шығады. Сосын білеміз, себебі неде екенін. Әзірге бәрі лабораториялық зерттеуде», - деді министр.

«Каспидегі итбалықтардың қырылуы Қашаған кен орнындағы жоба басталғалы жиілеп кетті дейтін пікірлер бар. Ондай нұсқаны қарап жатырсыздар ма?» - деп сұрады журналист.

Министрдің сөзінше, әзірге ондай нұсқа қаралып жатқан жоқ.

«Олай тіке айтуға болмайды. Бәрін анализ көрсетеді. Судың анализі бар, бұл жолы денесіне, асқазанына, тырнақтарына дейін бәрін алып кетті. Дұрыстап қараймыз. Мен қазір ондай версияны айта алмаймын. Версия көп қой. Нақты анализ шыққаннан кейін ғана айта аламыз», - деді Ерлан Нысанбаев.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда итбалықтармен қоса бекіре тұқымдас балықтар мен су құстары да қырылып жатқанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар