Маңғыстауда итбалықтармен қоса бекіре тұқымдас балықтар мен су құстары да қырылып жатыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Түпқараған ауданы аумағындағы теңіз жағалауында мониторинг жұмыстары аяқталған жоқ. Сондықтан өлген су жануарларының саны әлі де артуы мүмкін. Бүгінгі күнге 289 итбалық анықталды, - дейді облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов.

Данияр Әкімжанов
Фото: Аягөз Ізбасарова

Қауымдастық басшысының айтуынша, итбалықтардың балықшылардың ауына түсіп өлуі мүмкін емес. Өйткені, 300 итбалықтың бірден ауға түсуі мүмкін емес. Ал ауға түсіп өлгендердің денесінде іздер қалып қояды.

- Итбалықтардың қырылу жыл сайын күз және көктем айларында қайталанып отыр. Біздің балықшылар Каспий теңізіне ауды жыл бойына салады. Сондай-ақ, аулары 24 сағат бойы судың астында жатады. Ендеше, итбалықтар неге тек күзде, көктемде өледі деген сұрақ туындайды. Басқа бағыттардан іздеу керек деп ойлаймын. Ғылыми зерттеу институттары дұрыс жұмыс істеулері керек. Сынамалар алады, бірақ нәтижелері бізді қанағаттандырмайды. Әлі күнге нақты себебін айта алмай отыр, - дейді облыстық балық шаруашылығы және аквамәдениет қауымдастығының басшысы Данияр Әкімжанов.

Қауымдастық басшысы жағалаудан итбалықтармен қатар, құстар мен бекіре тұқымдас балықтардың да өлекселері табылып жатқанын мәлімдеді.

- Тек итбалықтарды жариялап жатыр, бірақ олармен қатар өлген бекіре тұқымдас балықтар мен су құстары да табылып жатыр. Атап айтатын болсам, суқұзғын құстары, шағала бар, қасқалдақ, гагар деген құстарды өз көзіммен көріп, анықтадым. Бұрында біздерге айтатын еді 4 - стадия, 5 -стадияға дейін ыдырап кеткен, итбалықтардан сынама алу мүмкін емес деп. Енді осы жағдайда итбалықтар бұзылмаған, өлгендеріне 15-20 күн болған, - дейді Данияр Әкімжанов.

Бұған дейін, Маңғыстаулық тәуелсіз эколог итбалықтардың өлімін зерттеу үшін заңнамаға өзгерістер қажет екенін айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар