Итбалықтар өлімін зерттеу үшін заңнамаға өзгерістер қажет – эколог

итбалық
Фото: Азамат Сәрсенбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстауда итбалықтар қырылып жатыр. 28 қазанда Ауыл шаруашылығы министрлігі Каспий теңізінің жағалауынан 100-ден аса итбалықтың өлексесі табылғанын хабарлаған еді. Көп өтпей бұл сан 300-ге жуықтады. Жануарлардың бұлайша қырылуының себебі әзірге белгісіз, негізі итбалықтар 24 қазаннан бері өле бастаған. Осы орайда Kazinform тілшісі ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесінің мүшесі және ECOJER қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы Әділбек Қозыбақовқа хабарласып, мәселенің себебін білуге тырысты.

– Жалпы, Каспийде итбалықтардың қырылу оқиғасы жыл сайын қайталанатын секілді. Шамамен қазір теңізде қанша итбалық бар, олар жыл сайын азайып жатыр ма, әлде керісінше көбейіп жатыр ма? 

– Расында да итбалықтардың өлімі жыл сайын тіркеледі. Бұл тек итбалықтарға ғана емес, басқа жануарларға да қатысты. Бірақ мен бұл оқиғаларды табиғи заңдылыққа жатқызар едім. Жануарлардың саны көбейген сайын өлімі де артады. Мысалы, 100 мың итбалықтың 1 пайызы – 1 мың. Жыл сайын осынша көлемде қырылса – қалыпты жағдай.

Ал осы жолы табылған 300-дей итбалық популяция санының (егер 100 мың деп қарастыратын болсақ - ред.) бар болғаны 0,3 пайызын құрайды. Мәселе итбалықтың өлімінде емес, нақты қадағалау мен бақылаудың болмауында.

Әділбек Қозыбақов
Фото: Әділбек Қозыбақовтың жеке мұрағатынан

 

Каспий теңізінде әртүрлі ақпарат көздері бойынша 100 мыңнан 300 мыңға дейін итбалық бар деп айтылады. Міне, нақты санақ, мониторинг, бақылау жұмыстарының болмауынан санын тап басып айта алмаймыз. Сондықтан итбалық саны көбейіп жатыр немесе азайып жатыр деп топшылап сөйлеу қиын.

– Итбалықтардың қырылуына әртүрлі себептерді айтушылар бар. Бірі өндірістің әсерінен десе, кейбірі ауруларды алға тартады. Сіздің ойыңызша, оның басты себебі неде, қандай факторларды атар едіңіз? Мәселені қалай қолға алған жөн?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, қазір нақты ақпаратқа қол жетпей отыр. Судың ластануы, табиғи құбылыстар, браконьерлер құрған ау немесе кемелердің де зардабы тиген болуы мүмкін. Осы факторлардың бір де біреуін жоққа шығармаймын және нақтысын да айта алмаймын. Тек пікір білдірумен шектелуге мәжбүрміз. Егер мониторинг жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар, арнайы білімі бар мамандар тартылса, онда нақты деректерді уақытында білер едік. Ол ақпараттар әлеуметтік желілерде жарияланып отыруы керек.

Бірақ мұндай жағдай болмағандықтан әркім сан қилы пікірін жаза береді. Мысалы, әлеуметтік желілерде адамдар «мүмкін олар ауырып қалған шығар, теңізде мұнай төгілген шығар» деп өз бетінше болжап жатады. Бұл сөздерді айтуға, жариялауға біз тыйым сала алмаймыз. Өйткені қоғамның да, экологтардың да қолында дәлел жоқ. Өз кезегінде біз өндірістік орындарға барып, себепсіз айып таға алмаймыз. Көрдіңіз бе, әрекет ету үшін тағы да нақты дәйектерге барып тірелеміз.

Бұған жол бермеу үшін мәселені зерттеуге тәуелсіз сарапшыларды тарту қажет. Бірақ мұнда да кедергілер жетерлік. Мысалы, ҚР Кәсіпкерлік Кодексіне сәйкес, тәуелсіз сарапшыларды тек қана мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын компаниялар есебінен тартуға болады. Тек осыдан соң оларды тексеріске Экология департаменті мен прокуратура шақырып, жұмыстарға араластыра алады.

итбалық
Фото: Балық инспекциясы

 

Егер олар бюджеттен қаржыландыруға тәуелді болса, қалай тәуелсіз сарапшылар деп атай аламыз? Менің ойымша, мониторингтік жұмыс кезінде мемлекеттен қаржы алмайтын, тек табиғат жанашыры есептелген мамандар шақыртылуға тиіс. Ал бұл процесті жоғарыда айтқан Кәсіпкерлік Кодекске тиісті өзгертулер енгізіп қана іске асырамыз. Осы ұсынысымызды талай мәрте жиындарда айтып үлгердік.

– Әңгімеңізге рақмет!

***

Ашық дереккөздерде ХХ ғасырдың басында Каспий теңізінде 1 миллионнан астам итбалық мекен еткені туралы ақпараттар жиі кезігеді. Ал 2005 жылы жүргізілген санақ бойынша, көк айдында шамамен 110 мың итбалық қалғаны анықталды. Демек, 1 ғасырдың ішінде 10 еседей азайғанын топшылаймыз.
Әйтсе де 2020 жылы Каспийде 170 мыңға жуық итбалық бары, яғни, қайта көбейе бастағаны белгілі болды. Жалпы, экологтар итбалықтардың Каспийдің солтүстігінде көп болатынын алға тартады. Бұл жерге жету үшін олар Түрікменстан шекарасынан бастап Жайық өзені сағасына дейінгі миграциялық дәлізді пайдаланатын көрінеді. Ал бұл дәліздің көп бөлігі ластанып үлгергені айтылғанымен, ғылыми негіздер болмай тұр.

Соңғы жаңалықтар
telegram