Каспий жағалауынан 100-ден аса итбалықтың өлексесі табылды

итбалық өлексесі
Фото: Азамат Сәрсенбаев

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий жағалауынан жаппай қырылған итбалық өлекселері табылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Итбалықтардың жаппай қырылғаны туралы маңғыстаулық белсенді Азамат Сәрсенбаев желідегі парақшасында жазба қалдырды.

Оның айтуынша, Қызыл кітапқа енгізілген 100-ден астам итбалықтың өлексесін теңіз дауылы жағалауға шығарып тастаған.

Теңіз жануарларының жаппай қырылу себебін Ауыл шаруашылығы министрлігінен сұраған едік.

«24 қазанда Жайық-Каспий облысаралық бассейні балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері Түпқараған ауданында Каспий теңізінің жағалауына мониторинг жүргізу барысында итбалықтардың өлексесін тапты. Ол жерге инспекция, жергілікті атқарушы органдар, гидробиология және экология институты, «Qazaq balyk» республикалық балық шаруашылығы және аква-мәдениет қауымдастығы филиалының өкілдері жедел жетті. Итбалықтардың қырылуының себебі тиісті зертханалық зерттеулерден кейін белгілі болады», - деді ведомстводан.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, Каспий жағалауынан 151 итбалық өлексесі табылды, сонымен қатар теңізі жағалауы аумағын мониторингі жүргізу жалғасып жатыр.

Айта кетсек, бұл бірінші жағдай емес, биыл сәуірде Каспий жағалауынан сексенге жуық итбалықтың өлексесі табылды.

Сондай-ақ эколог итбалықтар нақты қадағалаудың жоқтығынан қырылып жатқанын айтқан еді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram