Итбалықтар нақты қадағалаудың жоқтығынан қырылып жатыр — эколог

әділбек қозыбақов эколог
Фото: жеке мұрағатынан

АҚТАУ. KAZINFORM — Каспий теңізінде қырылған итбалықтардың саны екі жүзге жуықтады. Итбалықтың өлімі бойынша зерттеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ. Осы орайда белгілі эколог Әділбек Қозыбақов пікір білдірді.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің және ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі Әділбек Қозыбақовтың сөзінше, теңізде қырылған жануарлардың саны олардың жалпы көлеміне шаққанда қалыпты құбылыс.

«Итбалықтардың қырылуы жылда тіркеледі. Жалпы, тіршілік болғаннан кейін өлім қатар жүреді. Ол тек итбалыққа ғана емес, басқа жануарларға қатысты болады. Жануардың саны көбейген сайын салыстырмалы түрде өлімі де көп. 100 мың итбалықтың 1 пайызы — 1 мың. Бұл — қалыпты жағдай. Сондықтан өткен айда қырылған 179 итбалық көп емес. Мәселе мынада, бұл нақты қадағалаудың, мониторингтің жоқтығынан болып отыр», — деді эколог.

Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, итбалықтардың өлімінің себебін анықтауда көп жағдайда тәуелсіз экологтардың көмегіне жүгіне бермейді.

«Тәуелсіз сарапшылар арнайы білімі бар мамандарды мониторинг жұмысына тартатын болса, онда көптеген ақпарат уақытында дер кезінде жетеді. Әлеуметтік желілері арқылы болсын жариялануы тиіс. Бірақ ондай жағдай болмағандықтан әрине, әркім әр түрлі ой-пікірін айтады. Болжам жасап, кері бағытқа қарай тарта береді. Мысалы, „ауырған шығар, бір тұста мұнай төгілген болуы мүмкін“ деген тұспалдарды адамдар әлеуметтік желіде бөлісіп жатады. Оларға бұлай жазба деп айта алмасың. Себебі, оған қарсы нақты ақпарат жоқ. Бұндайды болдырмау үшін тәуелсіз сарапшыларды міндетті түрде тарту керек. Бірақ бұл жерде де кедергілер бар. Мысалы, кәсіпкерлік кодексінде тәуелсіз сарапшы ретінде бюджеттен қаржыландырылатын немесе квазимемлекеттік компаниялардан ғана тарта алады екен. Мысалы, экология департаменті мен прокуратура жағы соларды ғана шақыра алады. Егер олар бюджетке қарасты маман болса ол қалай тәуелсіз сарапшы болады. Бұл ретте мемлекеттен қаржы алмайтын маман мониторинг жұмысы кезінде сарапшы болуы керек деп ойлаймын», — деді эколог.

Сәуір айының басында Каспий теңізінің Түпқараған ауданындағы жағалауанына жүзден астам итбалықтың өлексесі табылды. 

Ал айдың соңынан таман тағы да сексенге жуық теңіз жануарының ұшасы табылып, қырылған итбалықтар саны екі жүзге жуықтады. 

Соңғы жаңалықтар