Итбалықтардың өлексесі ыдырап кеткен, сынама алу мүмкін болмады – министрлік

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Каспийден табылған өлі итбалықтар мен бекірелердің өлексесіне қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2022 жылғы 14 мамырда Маңғыстау облысы бойынша Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының балық инспекциясы басқармасының қызметкерлері Форт-Шевченко теңіз портының жағалауындағы «Үрдүк» мүйісі аумағынан 64 өлі итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балықты тапты. Табылған өлекселер қатты ыдырап кеткен, сондықтан да зерттеу жүргізу үшін сынамалар алу мүмкін болмады. Демек, олардың өлімі қыста болған деп болжауға болады. Дегенмен аталған жерден су мен ауа сынамасы алынды», - делінген хабарламада.

Министрліктің хабарлауынша, аталған жайтқа қатысты зерттеу жүргізіліп, нәтижесі бір айдың ішінде жарияланады.

«Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасының инспекторлары Каспий теңізінің жағалау аймағы мен басқа да учаскелеріне мониторинг жүргізуде», - дейді ведомстводан.

Бұған дейін Маңғыстауда жағалаудан тағы 64 итбалықтың өлексесі табылғаны туралы хабарлаған едік.

Еске сала кетсек, сәуір айының соңында Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінен 94 өлі итбалық табылды.


Соңғы жаңалықтар