Салтанатты шараға Қазақстанның Израильдегі Құрметті консулы Дэвид Люксембург, ғалымдар, ЖОО басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында Қазақстанның Израильдегі елшісі Сатыбалды Бұршақов сөз сөйледі.
«Шығыстың Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толып отыр. Ол - тек қазақ халқы ғана емес, әлем елдері үшін де атаулы мейрам. Сондықтан, осынау тарихи қалада ұлы ойшыл атындағы көше бойында ескерткіш тақта орнатылды. Бұл - әл-Фараби бабамызға деген құрметіміз», - деді елші.
Салтанатты шараға онлайн режимде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов та қатысты.
«Ұлы бабамыздың философиясы бізге және келер ұрпаққа үлкен мұра. Біз әл-Фарабиді тану арқылы әлемді танимыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұлы ойшылдың өсиеті арқылы елііздің болашағын, жастарды тәрбиелеп отырмыз», - деді ол.
Салтанатты рәсімге Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик Дархан Қыдырәлі әл-Фарабидің адамзат руханиятындағы орнының ерекше екенін, сондықтан тарихи Хайфа қаласындаға ғұламаға арналған ескерткіш тақта орнатылуы еліміз үшін құрмет екенін атап өтті.
«Әл-Фарабидің әлеуметтік философ ретіндегі маңызы зор. Оның әйгілі «Ізгі қала туралы» трактаты алдыңғы ұрпақтардың рухани-философиялық тәжірибесін сіңіріп қана қоймай, Батыс Еуропадағы әлеуметтік ойдың, әсіресе утопиялық философтардың дамуына айтарлықтай әсер етті. Аристотельден кейінгі екінші ұстаздың атындағы көше - достықтың көшесі болғай. Баршаңызды ерекше қуанышпен құттықтаймын», - деді Дархан Қыдырәлі.
Айта кетерлігі, Израильдің Хайфа қаласында әл-Фараби атындағы көше 1960 жылы ашылған.
Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын елордадағы Оқушылар сарайында әл-Фараби орталығы ашылған болатын. Астанадағы ғұлама ғалымның кеуде мүсінін Нұр-Сұлтан қалалық суретшілер одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Әріпов жасаған.