Израиль делдалдардың бітімгерлік күш-жігері аясында Газа секторына соққы жасады

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Газа анклавының оңтүстік бөлігінде Израильдің әуе және теңіз арқылы жасаған шабуылдары тіркелді. Бұл уақытта делдал елдер атысты тоқтату жөніндегі келісімді іске асырудың келесі қадамдарын талқылап жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Палестинаның WAFA ақпарат агенттігінің мәліметінше, Израиль қарулы күштері Газа секторының оңтүстігіндегі Хан-Юнис пен Рафах аудандарына әуеден және теңіз ар0ылы соққы жасаған.

Хан-Юнистің шығысындағы Бани-Сухейла ауданында Израиль авиациясы тұрғын үйлерге соққы берген. Сонымен қатар қаланың шығыс бөліктеріне пулеметтен оқ атылып, артиллериялық атқылау жүргізілген. Хабарларға қарағанда, Израильдің әскери-теңіз күштері де Хан-Юнис жағалауында оқ жаудырған.

Ал Рафах ауданында Израиль катерлері жағалауға жақын маңда жүрген балықшы кемелеріне пулеметтен оқ атқан. Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Аталған шабуылдар 10 қазаннан бастап күшіне енген Газа секторындағы атысты тоқтату режимі аясында болған. Палестина тарапы анклав аумағындағы азаматтық нысандарға қарсы әскери әрекеттердің жалғасып жатқанын мәлімдеп отыр.

Осы уақытта АҚШ Мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, АҚШ президентінің Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф жұма күні Қатар, Мысыр және Түркия өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Бұл елдер Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерде делдал ретінде қатысып отыр.

Кездесу Майами қаласында өтіп, Израиль мен ХАМАС қозғалысы арасындағы атысты тоқтату туралы келісімнің екінші кезеңін іске асыру мәселелеріне арналмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін Израиль Газаға тағы да соққы бергенін жазған едік.