Израиль Газа қаласына басып кірер алдында оны эвакуациялауға бұйрық берді

Фото: x.com/@idf

АСТАНА. KAZINFORM — Газа секторындағы қақтығысты ушықтыру бағытын Израиль басшылығының жаңа мәлімдемелері растап отыр, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Израиль армиясы сейсенбі күні алғаш рет Газа қаласының барлық тұрғынын сектордың оңтүстік белдеуіне дереу эвакуациялау туралы бұйрық берді. Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) баспасөз қызметінің мәліметінше, бейбіт тұрғындарға қаладан жағалаудағы жолмен «гуманитарлық аймақ» ретінде белгіленген әл-Маваси ауданына қарай кетуге бұйрық берілді. 

— Қалада қалу өте қауіпті. Израиль күштері ХАМАС-ты талқандауға бекініп отыр және Газа қаласында үлкен күшпен әрекет етеді, — деп мәлімдеді ЦАХАЛ-дың арабша сөйлейтін өкілі Авихай Адраи.

Үндеуде палестиналықтардың содырлардың эвакуацияға жол бермеу әрекеттері туралы хабарлауға болатын телефон нөмірі жарияланды. 

Израиль басшыларының мәлімдемелері 

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац егер ХАМАС қаруын тастамаса және екі жылға жуық уақыт бойы кепілге алынғандардың барлығын босатпаса, Газа жер бетінен жойылады деп қорқытты.

— Егер лаңкестер қаруын тастап, тұтқындарды босатпаса, олар өлтіріледі, ал Газа жойылады, — деп атап өтті Кац.

Оның X әлеуметтік желісіндегі хабарламасында соңғы тәулікте Газа қаласына жаппай соққы жасалғаны, соның салдарынан 30-ға жуық көпқабатты үйдің қирағаны айтылған. Олардың арасында Рималь ауданындағы ар-Руя мұнарасы бар

Израиль армиясының мәлімдеуінше, соққылар ХАМАС-тың бақылау және Израиль әскерлеріне қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланған нысандарына жасалды. 

Реакциялар және салдары

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жақында Газа қаласында «қарқынды құрлық операциясы» басталатынын мәлімдеді. Жауап ретінде ХАМАС қозғалысы ас-Салам мұнарасының қирауын «садизм мен қылмыстың ең қатыгез көріністерінің бірі» деп атай отырып, қиратуды айыптап, оның салдарымен қорқытты.
Осы арада палестиналық дереккөздер тұрғын аудандарға жаңа әуе шабуылдары және сектордың оңтүстік бөлігіне бейбіт тұрғындардың жаппай қоныс аударуының жалғасуы туралы хабарлап отыр.

Бұған дейін ЦАХАЛ Газа секторының оңтүстігінде гуманитарлық аймақ құрылғанын хабарлады