Израиль Иранға тағы соққы жасап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Израиль армиясының өкілі Эффи Дефрин брифингте осы сағаттарда Израиль әскери-әуе күштері Иранның әр түкпірінде үлкен соққы жасауды жалғастырып жатқанын айтты, - деп хабарлайды ВВС.
Оның айтуынша, соққы 40 сағатқа жуық уақыт бойы жалғасып жатыр, осы уақыт ішінде 150-ден астам нысанаға шабуыл жасалды. Соңғы 24 сағатта соққылардың басты назары Тегеран болып отыр.
Дефрин сонымен қатар Иранның батысындағы жерасты нысанына шабуыл жасалғанын хабарлады. Оның айтуынша, онда қанатты және баллистикалық зымырандар сақталып, Израильге ұшырылған.
Иран тарапынан «Тасним» агенттігі жуырда астанада және көптеген аймақта әуе қорғанысы қайта іске қосылғанын хабарлаған.
Сондай-ақ бір күнде елдің батысында және Иранның орталығындағы Ком қаласының аймағында Израильдің көптеген ұшқышсыз ұшағы атып түсірілгенін жазды.
Еске сала кетейік, жұма, 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға жаппай соққы берді. Бұған жауап ретінде Тегеран Израильге қарай жүзден астам дрон ұшырды. Иран Натанзедегі ядролық қондырғының зақымданғанын растады, бірақ радиацияның ағып кеткенін жоққа шығарды.
Иран Израильге зымыран соққыларының жаңа толқынын бастады. Израильдің Төтенше жағдайлар қызметі хабарлағандай, ирандық зымыран атысынан екі адам қаза тапты – шамамен 60 жастағы әйел және 45 жастағы ер адам. Тағы 19 адам жарақат алды, деп хабарлады Израильдің жедел жәрдем қызметі.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Израильдің әуе шабуылы салдарынан 78 адамның қаза тапқанын айтқан болатын. Иранда 320-дан астам адам жарақат алды.
Бұған дейін Иран жоғары шенді әскери қолбасшылар мен жетекші ғалымдардың Израиль соққысы салдарынан қаза тапқанын растады.
Иран Израиль шабуылынан кейін Ормуз бұғазын жабайын деп жатыр.
Иран-АҚШ келіссөздеріне делдал болып жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди жексенбі күні Маскатта өтуі жоспарланған келіссөз өтпейтінін растады.