Израиль мен Ливан Римдегі келіссөздерді жалғастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың арағайындығымен Римде Израиль мен Ливан арасындағы атысты тоқтату туралы келісімді іске асыру және Ливанның оңтүстігіндегі жағдайға арналған келіссөздердің жетінші кезеңі жалғасып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Фото: lbcgroup.tv

Бейсенбі күні тараптар келіссөздердің үшінші күніне кірісті. Онда атысты тоқтату туралы келісімді орындау тетіктері, Израиль әскерін Ливан аумағынан толық шығару және шекара маңына Ливан армиясының бөлімдерін кезең-кезеңімен орналастыру мәселелері талқыланып жатыр.

Бұған дейін келіссөздердің екінші күні жоспарланған уақыттан ерте аяқталған болатын. Оған Ливанның оңтүстігіндегі жағдайдың күрт шиеленісуі себеп болды. Израиль Мансури ауылы тұрғындарын эвакуациялауды жариялап, «Хезболланы» атысты тоқтату режимін бұзды деп айыптап, әуе соққыларын қайта бастаған.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі кездесудің жергілікті жердегі жағдайдың ушығуына байланысты мерзімінен бұрын аяқталғанын растады. Сонымен қатар ол келіссөздер бекітілген кестеге сәйкес жалғасатынын мәлімдеді.

Ливанның Nida Al Watan газетінің хабарлауынша, АҚШ-тың дипломатиялық күш-жігерінің арқасында келіссөздер үзіліп қалмай, үшінші күнгі консультациялар жоспарланғандай бейсенбіде жалғасты.

Келіссөздердегі негізгі келіспеушіліктердің бірі — Ливанның оңтүстігіндегі пилоттық аймақтарды кеңейту мәселесі. Бұл аумақтар Израиль әскері шығарылғаннан кейін кезең-кезеңімен Ливан армиясының бақылауына өтуі тиіс.

Asharq Al-Awsat басылымының мәліметінше, Ливан келесі кезеңге Хиам және Бинт-Жбейль қалаларын қосуды ұсынған. Алайда тараптар бұл мәселеде әзірге ортақ шешімге келе алмады. Бұдан бөлек, келісімдердің орындалуын тексеру, жеке меншік нысандарын инспекциялау және қарулы топтардың инфрақұрылымын жою мәселелері де ашық күйінде қалып отыр.

Соған қарамастан АҚШ тарапы келіссөздердің нәтижесіне оң баға беріп отыр. Axios басылымының АҚШ Мемлекеттік департаментіндегі дереккөзіне сүйенген мәліметіне сәйкес, сарапшылар үшжақты негіздемелік келісімді іске асырудың негізгі тетіктері бойынша елеулі ілгерілеуге қол жеткізген. Вашингтон келіссөздерді нәтижелі өтті деп бағалап отыр.

Келіссөздер Израильдің Ливанның оңтүстігіне жасаған әуе соққылары жалғасып жатқан кезде өтіп жатыр. Израиль бұл операцияларды «Хезболла» тарапынан атысты тоқтату режимінің бұзылуына жауап деп түсіндірсе, Бейрут Израиль күштерін кезең-кезеңімен Ливан аумағынан шығаруды және шекара маңындағы тұрғындарды үйлеріне қайтаруды талап етіп келеді.

Еске салсақ, сейсенбі күні Ливан мен Израиль Римде тікелей келіссөздердің жетінші кезеңін бастаған болатын.