Израиль оппозициясының жетекшісі Нетаньяхудың коалиция құру ұсынысын медиа-маневр деп бағалады

АСТАНА. KAZINFORM – Израильдің «Яшар» партиясының жетекшісі Гади Айзенкот елдің жаңа үкіметін жасақтауға кірісті. Ол Биньямин Нетаньяхудың ұлттық бірлік коалициясын құру туралы ұсынысын сынға алды. Соған қарамастан, Айзенкот келіссөз жүргізуге дайын екенін мәлімдеп, ықтимал ынтымақтастықтың бірқатар шартын атады.

Фото: Anadolu

Бұл туралы Anadolu хабарлайды.

Айзенкот Нетаньяхудың көпшілікке арналған үндеуін медиа-маневр деп атады. Оның айтуынша, қазіргі премьер-министр ұлттық бірлікке шақырғанымен, саяси қайшылықтарды күшейтіп, қарсыластарына қарсы әрекетін жалғастырып отыр.

Саясаткер бұған мысал ретінде Нетаньяхудың Кнессестің жаңа шақырылымының ашылуында сөйлеген сөзін келтірді.

Сынға қарамастан, Айзенкот «Яшар» мен «Ликуд» партияларының келіссөз топтары жексенбі, 15 қарашада кездесетінін хабарлады.

Оның айтуынша, Нетаньяху басқаратын партия өзі жетекшілік ететін ұлттық бірлік үкіметінің құрамына тек өзі белгілеген қағидаттарды қабылдап, радикалды саяси күштерден алшақтаған жағдайда ғана кіре алады.

Айзенкот сондай-ақ Нетаньяхуды жаңа үкіметтің құрылуына және «Ликуд» партиясының өкілі, Кнессет спикері Амир Охананың ауысуына кедергі келтіруге тырысып отыр деп айыптады.

Оппозиция жетекшісінің пікірінше, партиялардың ынтымақтастыққа дайындығы сейсенбі күні парламент спикері қызметіне ұсынылған Матан Кахананың кандидатурасы бойынша өтетін дауыс беру кезінде сыналады. Айзенкот «Ликуд» пен «Діни сионизм» партияларының депутаттарын оның кандидатурасын қолдауға шақырды.

14 қараша, сенбі күні Биньямин Нетаньяху бейнеүндеу жасап, Айзенкотты алдын ала шарт қоймай, коалициялық келіссөздерді бастауға шақырды.

Нетаньяхудың пікірінше, Израильге сыртқы қауіптерге, ең алдымен Иран тарапынан төнетін қатерге қарсы тұра алатын кең ауқымды үкімет қажет. Ол сондай-ақ саяси күштерді қауіпсіздік пен әскери қызмет мәселелеріндегі келіспеушіліктерді еңсеруге шақырды.

Алайда осыдан бірнеше күн бұрын Нетаньяху оппозицияны араб партияларының қолдауына тәуелді болуы мүмкін үкімет құру ниеті үшін сынаған еді. Айзенкот бұл мәлімдемелерді саяси араздықты өршіту әрекеті деп бағалады.

8 қарашада Израиль президенті Ицхак Герцог 27 қазанда өткен парламент сайлауының қорытындысы бойынша Гади Айзенкотқа жаңа үкіметті жасақтауды тапсырды.

Айзенкоттың кандидатурасын 120 орындық Кнессетте 67 мандатқа ие партиялардың өкілдері қолдады. Ал Нетаньяхуды 46 депутат жақтады.

Айзенкотқа коалиция құру үшін 28 күн берілді. Қажет болған жағдайда бұл мерзімді тағы 14 күнге ұзартуға болады.

Бұған дейін Израиль Франция президенттігіне үміткер Меланшонға елге кіруге тыйым салған болатын.