Израиль соққыcынан Ислам революциясы Қамқоршылар корпусының барлау басшысы мен орынбасары қаза тапты

Фото: «Тасним» агенттігі

АСТАНА. KAZINFORM - Израильдің соққысынан Ислам революциясы Қамқоршылар корпусының барлау басшысы мен оның орынбасары көз жұмды, деп хабарлайды ВВС.

— Израильдің жексенбідегі Тегеранға шабуылы кезінде Ислам революциясы күзетшілер корпусының барлау ұйымының басшысы, генерал Мохаммад Каземи, оның орынбасары және тағы бір генерал қаза тапты, - деп хабарлайды ирандық ақпарат агенттігі «Тасним».

Бұған дейін Каземи мен оның орынбасарының өлімі туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Fox News арнасына берген сұхбатында айтқан болатын.

Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль әскери күштері Тегерандағы КСИР барлау ұйымының ғимаратына соққы берген.

Еске салайық, 13 маусымға қараған түні Израиль Иран аумағына жаппай соққы жасаған. Оған жауап ретінде Тегеран жүзден астам дронды Израиль бағытына ұшырған. Иран Натанздағы ядролық нысанның зақымданғанын растады, алайда радиацияның таралуын жоққа шығарды.

БҰҰ-дағы Иран өкілі Израильдің әуе соққылары салдарынан 78 адамның қаза тапқанын, тағы 320-дан астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді. Қаза болғандар қатарында Иранның жоғары әскери басшылығы мен жетекші ғалымдар бар.

Сондай-ақ Израильдің шабуылынан кейін Иран Ормуз бұғазын жабу мүмкіндігін қарастырып жатқанын Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комитет мүшесі Эсмаил Косари хабарлады.

Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздерге арағайындық жасап жүрген Оман Сыртқы істер министрі Бадр әл-Бусаиди Маскатта жексенбі күні өтуі тиіс кездесудің өтпейтінін растады.

Иран Президенті Эммануэль Макронмен сөйлесу кезінде Израиль шабуылдарын тоқтатпайынша АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізілмейтінін мәлімдеді.

Axios мәліметінше, Израиль АҚШ-ты Иранмен соғысуға шақырады.