Израиль тарихындағы ең қымбат соғыс: шығын көлемі 3 миллиард доллар
АСТАНА. KAZINFORM — Израиль Иранмен арадағы қақтығыс кезінде келген залалды 10 миллиард шекель (шамамен 3 миллиард АҚШ доллары) деп бағалады. Бұл сома қолданылған қару-жарақ пен әуе шабуылынан қорғаныс жүйелерін ауыстыру шығындарын қамтымайтынын ескерген жөн, деп жазды DW.
Бұл бағалау ракета соққыларынан бүлінген ғимараттарды қалпына келтіру мен жергілікті бизнеске өтемақы төлеу үшін қажет қаржыға негізделген. Бұл туралы 26 маусым күні Bloomberg агенттігі Израильдің Қаржы министрлігі мен Салық қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
— Бұл — біз бетпе-бет келген ең ауыр мәселелердің бірі. Израиль тарихында мұндай ауқымды қирау болған емес, — деді өтемақы төлеуге жауапты Салық қызметінің басшысы Шай Ааронович.
Аталған бағаға пайдаланылған қару мен әуе шабуылынан қорғану жүйелерін жаңартуға кететін шығындар кірмеген. Сондықтан жалпы залал көлемі бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қаржы министрі Бецалель Смотрич соғысқа кететін жалпы шығын 12 миллиард долларға жетуі мүмкін деп мәлімдеді. Ал Израиль Ұлттық банкінің басшысы Амир Ярон Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында шамамен 6 миллиард доллар деп неғұрлым ұстамды баға ұсынды.
Экономикаға төнген қауіп
Израиль экономикасы соңғы 20 айдан бері аймақтық қақтығыстың қысымында. Бұл жағдай ХАМАС-тың террористік шабуылынан кейін ушығып кеткен. Елдің Орталық банкі осы жылы ІЖӨ 3,5%-ға өседі деп болжаған болатын, алайда қазіргі ахуал бұл болжамды қайта қарауға мәжбүрлеп отыр.
Израиль билігінің айтуынша, Иранмен арадағы соғыс бұрынғы қақтығыстармен салыстырғанда әлдеқайда қымбатқа түсті. Бұған басты себеп — зымыран соққыларының сипаты мен нысандары. Бұрын соққылар сирек қоныстанған ауылдық өңірлерге бағытталса, бұл жолы Тель-Авив агломерациясы секілді халқы тығыз орналасқан орталық қалалар тікелей нысанаға алынды. Бұл аумақта Израиль халқының жартысына жуығы тұрады.
Сонымен қатар, ирандық зымырандар өте қуатты болған. Көпшілігі 500 кг-нан астам жарылғыш заттар мен жарқыншақ снарядтарымен жабдықталған. Израильдің мәліметінше, соғысқа дейін Иранда осындай 2000–2500 зымыран болған, қазір соның жартысына жуығы сақталып қалған.
Шабуылдар нәтижесінде қиратылған негізгі нысандардың қатарында:
Израильдегі ірі ғылыми мекемелердің бірі — Вейцман институты,
Хайфадағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты,
Оңтүстіктегі ауруханалардың бірі бар.
Израиль мен Иран арасындағы әуе шабуылдары 13 маусымда басталды. Сол күні Израиль Иранға дрондар мен зымырандардың алғашқы толқынын жіберді. Шабуылдар екі аптаға жуық жалғасып, тек 24 маусым күні таңертең АҚШ президенті Дональд Трамп бітім туралы жариялағаннан кейін тоқтады.
Израиль тарапының мәліметінше:
Қақтығыс салдарынан 28 адам қаза тауып,
1300-ден астамы жарақат алған.
Ал Иран билігі 627 адамның мерт болғанын хабарлады.
Қақтығыс кезінде Израиль экономикасы дерлік тоқтап қалды: мектептер мен көптеген кәсіпорындар (өмірлік маңызы барлардан басқа) жабылды. Қаржы министрлігінің есебінше, бизнесті қолдауға қажетті өтемақы 5 миллиард шекельге жетуі мүмкін. Бұл — 2023 жылдың қазанынан бері ХАМАС пен Ливандағы «Хезболла» тобының шабуылдары салдарынан төленген өтемақылар көлемінен екі есе көп.
Еске сала кетейік, бұған дейін Иранның жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи телеүндеуінде Израиль мен өңірдегі америкалық базаға жасалған соққыларды өзін-өзі қорғау әрекеті деп бағалап, АҚШ-тың берілу туралы үндеуін қатаң айыптаған болатын.
Ал Трамп Нетаньяхуды соттан қорғап, оған кешірім жасауға шақырды.