Израильде хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль аумағында хантавирусты жұқтырудың алғашқы жағдайы анықталды. Вирус Шығыс Еуропадан келген науқастан табылған, деп хабарлайды The Jerusalem Post.

Фото: freepik.com

Басылым мәліметінше, пациент бірнеше ай бұрын Шығыс Еуропа елдерінің бірінде болған кезінде вирустың еуропалық штамын жұқтырған. Симптомдар пайда болғаннан кейін ол дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр. Ол жансақтау бөліміне жатқызылмаған және қатаң оқшаулауды қажет етпейді. Дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Басылымның жазуынша, бұл жағдай қазіргі таңда әлемдік БАҚ назарын аударып отырған MV Hondius круиздік кемесіндегі Оңтүстік Америкада таралған Andes штамынан өзгеше.

Мамандардың айтуынша, дәл осы Andes штамы аса қауіпті түрлердің бірі саналады.

Сирек жағдайда ол адамнан адамға тығыз әрі ұзақ байланыс кезінде жұғуы мүмкін.

Бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Аргентинадан шыққан круиздік кемедегі сегіз науқастың бесеуінен хантавирус расталғанын хабарлаған еді.

Айта кетелік Хантавирус анықталған лайнердегі жолаушылар саяхатты жалғастыратыны туралы жазған едік.