Жұма күні Израильдің Орталық сайлау комитеті 27 қазанда өткен Кнессеттің 26-шақырылымы сайлауының қорытынды нәтижесін жариялады.
Орталық сайлау комитетінің мәліметі бойынша, премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды қолдайтын партиялар блогы 120 орынға ие парламенттен 53 орын, негізгі оппозициялық блок 48 орын, ал екі араб партиясы 19 орын алып отыр, деп жазды The Times of Israel.
Нетаньяхудың «Ликуд» партиясы 27 орын жеңіп алып, парламенттегі ең ірі фракция болып қала бермек. Израиль Қорғаныс армиясы Бас штабының бұрынғы бастығы Гади Айзенкот басшылық ететін «Яшар» партиясы 21 орынмен екінші орын алды.
Қалған орындар келесідей бөлінді:
- Нафтали Беннет пен Яира Лапидтің «Беяхад» партиясы — 12 мандат;
- Араб «Біріккен тізімі» — 11 мандат;
- «Демократтар» мен РААМ араб партиясы — 8 мандаттан;
- «Біздің үйіміз Израиль», «Яадут ха-Тора» және «Оцма Йехудит» — 7 мандаттан;
- ШАС пен «Діни сионизм» — 6 мандаттан алды.
Сайлауда жалпы сайлаушылардың 77,9%-ы — 5 716 665 адам дауыс берді. Кейбір саяси топтар 3,25% шегінен өте алмады.
Сондықтан, негізгі саяси блоктардың ешқайсысы үкіметті өз бетінше құруға қажетті 61 мандат жинай алмады.
Сонымен қатар, Нетаньяхудың билігін жалғастыруына қарсы партиялар араб фракцияларын қосқанда 67 орынды алып отыр. Бірақ олар Нетаньяху билігіне қарсы коалиция құруы үшін алдымен бұрындары араб партияларының үкіметке қатысуы жайлы пікірі бір жерден шықпаған саяси күштер өз ұстанымдарын үйлестіруі қажет.
Израильдің Kan қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, оппозиция өкілдері Мансур Аббас басқаратын РААМ партиясымен ынтымақтастық ету мүмкіндіктерін талқылап жатыр. Ал «Бірлескен тізіммен» ынтымақтастық мәселесі күрделі болып қала бермек.
«Яшар» көшбасшысы Гади Айзенкот демократтар Яир Голанның «Демократтарымен» және Нафтали Беннеттің «Беяхад» блогымен келіссөздер жүргізіп үлгерген. Тараптар жаңа үкіметті тез арада құру мүмкіндігін талқылады. Өз кезегінде, Биньямин Нетаньяху Итамар Бен-Гвир, Бецалель Смотрич секілді қазіргі коалициялық серіктестеріне саяси одақты сақтау ниеті барын айтып сендірген.
30 қазандағы нәтижелер тексеру рәсімдері аяқталғаннан кейін ресми түрде бекітіледі.
Орталық сайлау комиссиясы оларды 4 қарашада президент Ицхак Герцогқа ұсынады, ал жаңа Кнессеттің бірінші сессиясы 10 қарашаға жоспарланған.
Осыдан кейін үкіметті жасақтау процесі басталады. Егер саяси партиялар коалиция құру туралы келісімге келе алмаса, Израильде жаңа парламенттік сайлау өтуі де ғажап емес.
Бұған дейін Израильде парламент сайлауына сырттан ықпал ету әрекеті тексеріліп жатқанын хабарлаған едік.