Израильде сайлауға сырттан ықпал ету әрекеті тексеріліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Шетелдің сайлау процесіне араласуы мүмкін екені туралы ақпарат Израильдегі саяси күштер арасындағы келіспеушілікті күшейтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Израиль Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Жоғарғы соттың судьясы Ноам Зольберг 27 қазанда өткен парламент сайлауына шетелдің араласуы мүмкін деген күдікке байланысты Израильдің Жалпы қауіпсіздік қызметіне (ШАБАК) тергеу жүргізуді тапсырды.
The Times of Israel басылымының хабарлауынша, тексеру араб сайлаушыларының дауыс беруге қатысуын арттыруға бағытталған шетелден заңсыз қаржыландыру әрекеттеріне қатысты.
Тергеудің басталғаны бейсенбіде Зольбергтің ШАБАК басшысы Давид Зиниге жолдаған хаты жарияланғаннан кейін белгілі болды. Құжат бір күн бұрын жіберілген.
— Израильдің мүддесіне қайшы әрекет ететін шетелдік ұйымдар қаржы бөліп, сайлау барысына заңсыз ықпал етуі мүмкін деген ақпарат түсті, — делінген хатта.
Зольберг қолда бар ақпараттың қаншалықты негізді екенін әзірше растай алмайтынын, алайда істі жан-жақты тексеру қажет екенін атап өтті. Ол арнайы қызметке бір апта ішінде тергеу нәтижелерін ұсынуды тапсырды.
Израильдің Channel 12 және Kan телеарналары мен Ynet басылымының хабарлауынша, Қатардан Израильдегі араб ұйымдарына сайлаушылардың дауыс беруге қатысуына және дауыс беру нәтижелеріне ықпал ету үшін қаражат аударылған болуы мүмкін.
Израильдік БАҚ сілтеме жасаған күштік құрылымдар өкілдерінің бұл мәселеге қатысты пікірлері әртүрлі. Кейбір дереккөздер қосымша тексеруді қажет ететін жекелеген жағдайлар ғана бар екенін айтады.
— ШАБАК-тың Израиль сайлауына шет мемлекеттің араласуы мүмкін деген күдік бойынша жүргізіп жатқан тергеуі барлық болжамды растаса да, мұндай әрекеттердің ауқымы сайлау нәтижелерін өзгертуге жеткіліксіз болар еді, — деп хабарлады KAN News бейсенбіде Израиль Орталық сайлау комиссиясындағы жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап.
ШАБАК тергеу өздері жинаған барлау мәліметтері негізінде басталғанын мәлімдеді. Қызметтің мәліметінше, бұған саяси партиялар мен жекелеген саясаткерлердің қатысы жоқ. Тексеру әлі жалғасып жатыр. Сондықтан БАҚ-та ықтимал ықпал ету әрекеттері туралы тараған ақпарат әзірше ресми түрде расталған жоқ.
Ведомство тергеу нақты күдіктерге қатысты жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл жағдай араб сайлаушыларының дауыс беруінің заңдылығына күмән келтіруге негіз болмайды.
Қатар айыптауларды жоққа шығарды
Өз кезегінде Қатар Сыртқы істер министрлігі Израильдегі сайлау процесіне араласқаны туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарды.
— Қатардың Израильдегі сайлауға араласқаны немесе оның нәтижелеріне ықпал ету мақсатында қандай да бір әрекетті қаржыландырғаны туралы мәлімдемелерді үзілді-кесілді жоққа шығарамыз, — деді Қатар Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджид әл-Ансари.
Ол айыптауларды Доханы Израильдің ішкі саяси қайшылықтарына тартуға бағытталған кезекті жалған ақпарат науқаны деп атады.
— Кейбір израильдік саясаткерлердің саяси сәтсіздіктері үшін Қатарды кінәлі етіп көрсетуге болмайды, — деді ведомство өкілі.
Израильдегі саяси күштер не дейді?
Шетелдің сайлау барысына ықпал етуі мүмкін екені туралы ақпарат Израильдегі саяси күштер арасындағы тартысты күшейтті.
«Ликуд» партиясының өкілдері сайлау кезінде заң бұзушылықтар болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал оппозиция тергеу жүргізуді талап етіп, нақты дәлелдерсіз сайлау қорытындысына күмән келтіруге болмайтынын ескертті.
Израиль Орталық сайлау комиссиясы сайлауда жаппай бұрмалаушылықтар болды деген айыптауларды жоққа шығарды. Комиссияның бас директоры міндетін атқарушы Дин Ливне сайлаудың заң талаптарына сай өткенін және жүйелі заң бұзушылықтар туралы ешқандай мәлімет түспегенін айтты.
Алдын ала нәтиже бойынша, премьер-министр Биньямин Нетаньяхуды қолдайтын күштер 120 орындық Кнессетте 53 мандатқа ие болды. Оппозициялық блок 48 орын алса, араб партиялары рекордтық 19 мандат иеленді.
Алайда негізгі саяси блоктардың ешқайсысы үкімет жасақтауға қажетті 61 мандат жинай алмады.
Израиль парламенті сайлауындағы дауыстардың басым бөлігі 28 қазан, сәрсенбіде саналып бітті. Ал бейсенбіде Орталық сайлау комиссиясы қос конвертпен берілген қалған бюллетеньдерді санау аяқталғанын хабарлады.
Мұндай дауыс беру тәртібі әскери қызметшілерге, дипломаттарға, ауруханада жатқан науқастарға және өзге де азаматтарға өздері тіркелген учаскеден тыс жерде дауыс беруге мүмкіндік береді. Қос конверт сайлаушының екі рет дауыс бермегенін тексеруге және дауыс беру құпиясын сақтауға көмектеседі.
26-шақырылымдағы Кнессет сайлауының түпкілікті нәтижелері жақын арада жарияланбақ.
Еске салайық, бұған дейін Израильдегі сайлауда оппозиция Нетаньяху коалициясынан озып тұрғанын жазғанбыз.