Израильдің солтүстігінде, Ливанмен шекаралас маңда, жарылмай қалған оқ-дәрі жарылып, 13 жасар мектеп оқушысы қаза тапты, тағы 24 оқушы мен мұғалім жараланған.
The Times of Israel газетінің хабарлауынша, жарылыс дүйсенбі күні Рамим жотасы аймағында болған.
Маалот-Таршиха қаласындағы ОРT мектебінің оқушылары «Израиль соқпағы» бойымен өтетін үш күндік ұлттық жаяу серуенге қатысқан. Армия мен полицияның алдын ала бағалауы бойынша, серуендеу кезінде оқушылардың бірі ливандық «Хезболла» тобының зымыран шабуылынан кейін жарылмай қалған кішігірім оқ-дәріге тап болған.
Хабарларға қарағанда, табылған оқ-дәрі бірден жарылмаған. Оқушылардың бірінің әкесі Элиягу Галиль Израильдің 13-ші арнасына берген сұхбатында айтқандай, оның ұлы оқ-дәріні ұстап, балалар бір-біріне беріп, суретке де түскен.
Алдын ала тергеу мәліметтері бойынша, оқушылардың бірі затты рюкзагына салған, ал бірнеше минуттан кейін жарылыс болған. Полиция өкілі бұған дейін оқ-дәрі оқушының қолында жарылып кеткенін хабарлаған болатын. Тергеу оқиғалардың нақты ретін анықтап жатыр.
Қайтыс болған бала 9-сынып оқушысы Элазар Яир Виленски екені анықталды. 13 қазан күнгі таңдағы ақпаратқа сәйкес, жараланған бес баланың жағдайы ауыр, олардың бірі жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Зардап шеккен мұғалімге ота жасалған.
Құтқарушылар келгенге дейін оқушылар бір-біріне көмектескен. Жаралылар Израильдің солтүстігіндегі үш ауруханаға жеткізілді, ал көршілес бағыттардағы басқа мектеп топтары эвакуацияланды.
Тергеудегі негізгі сұрақтардың бірі жаяу серуендеудің қалай келісілгендігі болып отыр. Израиль БАҚ-тарының хабарлауынша, шайқас салдарына байланысты аймақтағы ормандар мен лагерьлерге кіруге тыйым салатын белгілер ілінген.
Орманды қалпына келтіруге жауапты Еврей ұлттық қорының басшысы ондағы жұмыстар әлі аяқталмағанын және мектеп сапарларын мақұлдаған жауапты органдарына бағдардың жабық екендігі туралы хабарланғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ұйым аумақты ашу туралы өтінішті де кері қайтарған.
Израиль Білім министрлігі өз кезегінде бекітілген бағдар тыйым салынған аумақтан өтпегенін мәлімдеді.