Израильдің бірнеше қаласында Нетаньяху үкіметінің кетуін талап еткен митинг өтті

АСТАНА. KAZINFORM – 18 сәуір кешінде Израильдің бірқатар қаласында үкіметке қарсы митингілер өтті. Наразылыққа шыққандар мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті, деп хабарлайды израильдік N12 телеарнасы.

Фото: РИА новости

Телеарнасының мәліметіне сүйенсек, Тель-Авив, Хайфа және Иерусалим қалаларында өткен акцияларға жүздеген адам жиналған.

– Иерусалим округінің полицейлері Иерусалимдегі Париж алаңында өткен манифестация барысында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жұмылдырылды. Өрт тұтатты деген күдікпен бір адам ұсталды, – делінген полицияның баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

N12 телеарнасының хабарлауынша, Тель-Авивтегі наразылық акциясына қатысушылар қазіргі үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен. Ал Иерусалим мен Хайфадағы шерушілер Израильде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етті.

Еске сала кетсек, Бірқатар ел ЕО-ны Израильмен қауымдастық туралы келісім жасауды тоқтата тұруға шақырды. Испания, Словения және Ирландияның Сыртқы істер министрлері ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Калласқа бірлескен хат жолдап, Таяу Шығыстағы, әсіресе Ливандағы ахуалға байланысты одақтың ұстанымын шұғыл қайта қарауды және нақты шаралар қабылдауды талап етті.