Бұл кезеңде әр партия өз таңдауы бойынша кез келген бір партияға сұрақ қоя алатын. Ал таңдау реті күні бұрын өткен жеребе нәтижесі бойынша анықталды.
Теледебат шартына сәйкес, өзге партия өкілінің сұрағына жауап берген партия өкіліне өзге пікірсайысшылар екінші рет сұрақ қоя алмайды. Оның үстіне сұрақтар теледебат тақырыбы ретінде таңдап алынған «Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанның негізі» ұранының аясында болуы шарт еді. Сауалға жауап берушіге 2 минут уақыт берілді. Жауап аяқталған соң, сұрақ қоюшыға берілген жауап қаншалықты көңілінен шыққанын айту үшін 30 секунд уақыт ұсынылып отырды.
«Ақ жол» партиясының өкілдері «ауылдықтарға» малды чиптеудің талабын жеңілдету туралы сұрақ қойып, жауапқа толық қанағаттанбағандарын айтты.
Ал ЖСДП тарапынан Respublica партиясына қойылған сұрақ жеке меншік құқығы туралы қызу пікірталасқа ұласты.
«Әділет» партиясының сауалына берген ЖСДП өкілдері халықтың қауіпсіздігі сол заңды орындатуға жауапты мемлекеттік органдардың қолында екенін айтып жауап қатты. «Әділет» өкілі ЖСДП-ны осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қазақстан Халық партиясының өкілі қойған сұраққа «Әділет» партиясының өкілі мемлекеттің жауапкершілігі мен заң үстемдігі ұғымдары «бәріне рұқсат» деген түсінікке айналмауы керектігін айтып, жауап берді.
«Ауыл» партиясы «Байтақ» жасылдар партиясына сайлауалды бағдарламасында экологиядан басқа қандай өзекті мәселе бар екенін сұрады. «Байтақ» өкілі сұрақты жаңадан қосылып жатқан жас ұжымға емес, Парламенттен мандат алып келген өзге партияларға қоюды ұсынды.
«Байтақ» партиясы Қазақстан Халық партиясының тарихындағы коммунистік жолды еске салып, қазіргі партия буыны Иосиф Сталин мен Филипп Голощекиннің тарихи тұлғасына қатысты көзқарасын сұрады. Сұрақ авторлары берілген жауапқа қанағаттанбады.
«Respublica» партиясы сұрақ қою мүмкіндігін пайдалана отырып, «Ақ жол» партиясын бизнестің мүддесін қорғайтын маңызды сәттерде Үкіметпен ымыраласып кетеді деп сынады.
Теледебатты «Jibek Joly» телеарнасынан бөлек, Jibek Joly TV және резервтік Jibek Joly News YouTube арналары да көрсетеді. Көрермендер тарапынан партия өкілдеріне сұрақ туындап жатса, экранда көрсетілген WhatsApp нөміріне жолдай алады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 19 тамызда Құрылтай сайлауы алдындағы қорытынды пікірсайыс өтеді. Оған сайлауға қатысатын барлық партияның төрағалары қатысады.