Астанада нәтижелі жұмыспен қамту арқылы халықтың табысын арттыруға бағытталған Joltap әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан бастама үш жыл ішінде шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласы үшін білікті кадрлар даярлауда өзінің тиімділігін көрсетті. Жобаның нәтижелері мен жұмыс ерекшеліктері туралы жоба жетекшісі Дана Жүнісова айтып берді.
Жоба іске қосылған уақыттан бері оған шамамен 42 мың азамат жүгініп, оның ішінде 22 мың азамат оқуды аяқтады.
— Бүгінде түлектеріміздің 60%-ы жұмыспен қамтылған, 17%-ы фриланс форматында жұмыс істейді, ал 2 мыңға жуық адам өз шағын кәсібін ашты. Яғни, біреулері тігін ательесін, енді біреулері бариста мамандығына оқытатындықтан, шағын кофейнялар ашты. Сондай-ақ шағын жиһаз немесе дәнекерлеу цехтарын ашқан түлектеріміз де бар,— деді Дана Жүнісова.
Жобаға қатысушылардың 73%-ы әйелдер. Оқытудан халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 9,3 мыңнан астам отбасы, оның ішінде 4,6 мыңнан астам көпбалалы отбасы өкілдері өтті. Joltap аясында жұмыс берушілермен бірлесіп құрылған 30 авторлық бағдарлама әзірленді, оның 19-ы жұмысшы мамандығы, оның ішінде тігіншілер, наубайшылар, электр-газбен дәнекерлеушілер, жиһаз жинаушылар, сондай-ақ SMM, таргетинг, графикалық дизайн және мобилографияны қоса алғанда, 11 цифрлық бағыт бар.
Цифрлық курстардың маңызды ерекшелігі ЖИ құралдарының енгізілуі болды, ол үшінші тарап мамандарын тартпай-ақ жарнама жасауға және өз ісін ілгерілетуге мүмкіндік береді. Теориялық база мамандандырылған сыныптарда орналасқан, ал практика қаланың жұмыс істеп тұрған 11 кәсіпорны мен цехтарының базасында өтеді. Курстарда оқу толығымен тегін, ал бағдарламалар колледждерде оқытылатын мамандықтарды қайталамайды.
Оларға Астана қаласының, сондай-ақ Қосшы қаласын қоса алғанда, іргелес елді мекендердің тұрғындары жазыла алады, бұл ретте тұрақты тіркеудің болуы талап етілмейді. Өтініштер «Баршаға мүмкіндік» мобильді пункттерінде, сондай-ақ аудан әкімдіктері мен елорданың Жұмыспен қамту басқармасының Мансап орталықтарында қабылданады. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар оқытушы-практиктерден сараптамалық қолдау алуды жалғастырады.
Бүгінде жоба жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларына проактивті әрі тиімді қосымша тетік ретінде қызмет етіп отыр. Оқытуға сұраныс та жоғары деңгейде сақталуда – ай сайынғы кезекте кемінде 3 мың адам бар. Қазақстан Парламентінің бірінші сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәжірибені еліміздің барлық өңіріне таратуды тапсырды.